Көрермен жадында жаңғырған кейіпкер

576

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры 69-маусымын ашты. Кеште «Көрұғлы» драмасы алғашқы қойылым ретінде көпшілікке ұсынылды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов. Маусымның ашылуында театр басшысы Мұхтар Ниязов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Хұсейн Әмір-Темір сөз сөйлеп, көрермендерге игі тілектерін жеткізіп, спектакльдердің құрметті қонағы болуға шақырды.

Қойылым оқиғасында тарихи, аңыз-әпсаналық мәліметтер негізінде Көрұғлының халықтық тұлғасы сомдалды. Одан түркі тайпаларының этникалық санасы айқын аңғарылды. Басты мақсат – туыстас халықтардың басын біріктіру, бірлігін нығайтып, қарым-қатынасын жаңғырту. Автор шабыт пен тың идеяларды тоғыстырған өнер туындысын дүниеге әкелген.

Қойылым декорациясының көркемдік шешімін қойған «Алатау» дәстүрлі өнер театрының суретшісі А.Жүсіпәлі, композиторы Н.Төреәлі, балетмейстері мәдениет саласының үздігі Г.Дәулетқұлова.

– «Көрұғлы» дастаны төрткүл түркіге ортақ. Дәуірлердің көзі. Тегіміздің, негізіміздің руханияты. Сол арқылы түрік халқына ортақ сөз айтсақ деген ой мазалады. Осы идея толымды дүние жазуға алып келді. «Ертүріктің ұрпақтары бірігейік, біріксек бізді жау ала алмас» деген Түркия президентінің ұсынысы, рухани ұраны толғандырды. Кеңесші ретінде жанымда Алмас Алматов болды. Түрлі ізденістер, музыкалардың характерін табуда Нұрсұлтан Төреәлі өзінің нағыз талант екенін танытты. Би қойылымдары да ерекше шықты. Көрұғлы бейнесі сахнада тұңғыш рет сомдалып тұр. Қойылым өз биігінде көрерменге ұсынылды. Рөлді ойнаған жігітіміз де бар өнерін салды, – деді О.Нұрмаханов.

Қойылымда Бекторыны Гүлмира Берікбай, жырауды Бақытбек Темірбеков, Ақалайды Ақтолқын Төлеуова, бала Көрұғлыны Ерали Жақсығұлов, Қайып еренді Ұғым Баймаханов, Шағдат ханды Қанат Архабаев, Пірманды Бауыржан Ошақбаев, уәзірді Данияр Сабыров, Раушанбекті Арай Көшімбаев, Райханды Батырхан Амангелдиев, баланы Төлеген Өмірзақ сәтті сомдап шықты.

«Театр – өмірлік сұрақтарға шешім табатын жер» деген тәмсілге теріс пікір айтып көріңіз. Бұл ойды құптамаса, әлдекім қарсылық танытпайтыны анық. Өйткені, өмір бейнесін қаз-қалпында суреттейтін, адам жанын сипаттайтын өнердің осал емес екенін ел біледі. Руханиятпен тыныстау үшін театрдың тигізер ықпалы орасан. Жер басып жүргеннің жүрегінде селт етпейтін сезімі, көңілінде көркемдігі, танымды таныр түйсігі болмаса бәрі бекер. Ал өнер үйінің өнегесі қым-қуыт тірлікті ұмытып, оңашада ой бағуға мүмкіндік береді.

Мазмұны мәнге толған қойылым өз көрерменімен зеңгір көкке көтеріліп, ыстық ықылас пен құрметке бөленеді.

– Театрдың қызу жұмысы басталды. Алдағы уақытта да көрерменнің көзайымына айналып, өнерімізді ортаға саламыз. Жаңа маусымды «Көрұғлы» қойылымымен аштық. Сонымен қатар, жақында көпшілікпен жағымды жаңалықты бөлісеміз, яғни, театр артисі Қанат Архабаев жастарға арналған комедия қоюды жоспарлауда. Өзім де тың идея мен жаңашылдық негізінде, мелодрама жанрында қойылым қоймақпын. Қысқасы, театр сахнасын түрлендіру мақсатында тер төгіп, ізденуден жалықпаймыз.

Негізі артист білімнен безінбей, өзін жетілдіргенде ғана жетістікке жетеді. Сонда ғана жалаң жаттандылықтан арылып, кәсіби тұрғыда дамиды. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Жазғы театр мектебі» – зор мүмкіндіктің алаңы. Ресейде 95 артистің басын қосатын оқуда елімізден үш артист кастингтен өттік. Тәжірибе жинақтап, соның нәтижесінде Сыр еліне жаңа қойылым ұсынбақпын. Театр қабырғасында жемісті еңбек етіп, көрерменнің ықыласына бөлену – мен үшін мәртебе, – деді театр артисі Санат Жүзбай.

– Бала күнімде қисса-дастандарды көп оқитынмын. Бір жағы әкемнің кітапқа деген махаббатымды ашқаны болса, екінші жағы үйде 100-ден асқан әжем бар еді. Сол кісіге оқып беретінмін. Бір кітапты қайталатып оқытатын. Жалыққаннан әжемнің көзі көрмейтінін пайдаланып, кейде бір бетін тастап келесі бетін ашып оқып кетсем, марқұм әжем: «Балам-ау көп жерін қалдырып кеттің ғой» деп, тастап кеткен жерімді өзі айтатын. Сонда: «Әже, сіз бұл қиссаларды жатқа білесіз, неге оқыта бересіз» дейтінмін. Сонда әжем: «Білмейтінімді оқытсам осылай кей жерін оқымай кетесіңдер ғой» деп күлетін. Шындығында әжем біз жанында отыра бергенімізді қалаушы еді. Әжемнің арқасында біраз қисса, дастан, жырларды біліп өстік. Соның бірі «Көрұғлы» еді.

Қойылым болады дегенде көз алдыма бала кезімде кітапты оқып отырып алатын әсерлерім келді. Әсіресе, Көрұғлының анасымен қоштасатын сәті… Осы бір бала күнімнен жадымда бар хикаяны қызым да көрсін деп, театрға алып бардым. Себебі, театр – ол бір бөлек өнер, бөлек әлем, – деді көрермен Жанар Бимұратова.

Спектакль соңындағы өнер иелеріне деген көрерменнің ыстық ықыласы мен риясыз қошеметі қойылым деңгейінен үн қатады. Бұл – Сыр сахнагерлерінің кезекті мәуелі жемісі. Осылайша қайта тірілген «Көрұғлы» жаңа маусымда да көрермен көзайымына айналды.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<