Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Kitap time» жалпы республикалық фестивалі аясында мәдени-танымдық іс-шара өтті. Бұл шара қала тұрғындарына кітапты насихаттау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын, өскелең ұрпақтың көркем әдебиетке деген құштарлығын арттыруға бағытталды.
Жиынға қатысушыларды Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, балалар ақыны Рахат Наурызбаева, балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген ардагер ұстаз Оразбай Қосанов құттықтап, әдебиет, мәдениет, өнер сынды рухани құндылықтар төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды. Жас дарын, балаларға арналған үш кітаптың авторы, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенті Алтынай Берікқызы өз шығармашылығы жайлы әңгімелеп, жасөспірімдерді көркем әдебиет оқуға шақырды.
Фестиваль аясында «Мәдениеттің мәйегі – кітап» атты жәрмеңке ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Білімділер алаңы», «Абай ауылы», «Шебер қолдар алаңы», «Ертегілер қалашығы» сияқты арнайы жасақталған көрмелерде оқырмандар назарына қызықты әрі тартымды әдеби қойылымдар ұсынылды.
Ал ақындар аллеясында ұйымдастырылған «Менің жауһар жырларым» атты поэзия кешінде аймақ ақын-жазушылары студенттермен кездесті. Белгілі қаламгер, айтыскер ақын Қазына Өзденбаева, ақын, қаламгер қыздар Гаухар Қожахметова, Ғазиза Әбілда жаңа туындыларын оқып, Сыр елі мәдениетінің терең тарихы жайлы әңгімеледі. Өз кезегінде жас таланттар да жыр шумақтарын оқып, қаламгерлерден қолтаңба алды.
Тағы бір тартымды көрініс – «Библио-coffe» мерзімді басылымдар жинағы бойынша қойылған шарттарға қатысып, белсенділік танытқан оқырмандарға кофе ұсынылып жатты. Жалпы кітап фестиваліне 800-ге жуық қала тұрғыны қатысты.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<