Жастарды кітап оқуға баулу, қазақы қоңыр әңгіме айтуға тәрбиелеу сөздік қорын қалыптастырмақ. Бұл жастарды әдеби тілде көркем сөйлеуге үйретеді. Осы үдені мақсат еткен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Рухани болмысты жаңғырту – ұрпақ ұлағаты» атты сөз сайысын өткізді.
Байқауды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өнер сайысына әдебиетке құштар 12 жас талапкер қатысты.
Сайысты ақын, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі, жоба авторы Мамыр Байдәулетов, жыршы, Мәдениет саласының үздігі Амандық Бүрлібаев, «Серпер» сыйлығының иегері, қалалық «Жастар» театрының директоры Нұрмат Мансұров бағалады.
Қатысушылар қазақ өнерінің жарқын өкілі Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы, ақын, аудармашы Тұрмағанбет Ізтілеуұлының «Рауабану» дастаны, Сыр шайыры Омар Шораяқұлының «Жарлы Тәліп» дастандарын баяндады.
Әр талапкер дауыс мәнері мен оқу шеберлігін үйлестіру арқылы көрермен көзайымына айналып жатты. Қазақы танымда қоңыр әңгіме айту, әдеби тілде көркемдеп сөйлеу кемшін қалып бара жатқаны жасырын емес. Осы дәстүр сабақтастығын қайта жаңғырту арқылы жастардың ой-санасын оятып, таным көкжиегін кеңейте аламыз.
– Қазақтың дәстүр сипатында қоңыр әңгіме айту деген ұғым бар. Қазір көбіміздің айтып жүргеніміз – әңгіме емес, ақпарат ғана. Әңгіме дегеннің тәлім-тәрбиесі, ғибраты және басы мен соңы, тыңдаушы тараптың өміріне рухани азық болатындай, болашағына бағыт-бағдар сілтейтіндей тұшымды түйіні болады. Біз қоңыр әңгіме айту арқылы жас балаларды жақсы жолға нұсқаймыз. Биылғы байқау қатысушыларына үш дастан айту талабын қойдық. Дастанды әңгіме түрінде айтқызып, соны сараладық. Мақсатымыз – жастардың әңгіме айту жүйесін қалыптастыру. Бесік жырын айтатын ана, әулетіне ақылшы боларлық қария жоқ деп жатамыз. Сол олқылықтың орнын толтырып, дәстүрді жаңғыртуымыз керек деп қолға алдық, – дейді жоба авторы.
Байқау нәтижесімен бас жүлдені Жалағаш ауданынан Ақбота Жәли, бірінші орынды Қызылорда қаласы №136 мектеп оқушысы Нұрали Қанжаров, екінші орынды Шиелі ауданынан келген Шаттық Әбдірашит, үшінші орынды Қазалы ауданы «Лақалы» ауылынан Гүлзар Қасым мен Қызылорда қаласы «Қазбілім» ұлттық мектебінің оқушысы Ақниет Жанұзақ иеленді.
Қызылорда қаласы Н.Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназиясының оқушылары Ақжол Мүсілім арнайы «Маржан сөз, қоңыр үн», Құрманай Әбілмансұр «Талаптың мініп тұлпарын» номинациясына ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы диплом, Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<