Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, іс қағаздар мен көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде қолдану қағидаттарын сақтауға бағытталған «Мемлекеттік тіл саясатының негізгі бағыттары мен көрнекі ақпарат мәселелері» тақырыбында семинар өтті.
Жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, облыстық басқармалар, аумақтық департаменттердің жауапты мамандары, Тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері, жарнама агенттіктері, тіл жанашырлары мен БАҚ өкілдері қатысты. Қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, тіл мамандары онлайн форматта қосылды.
Басқарма басшысы жылда өткізіліп келе жатқан шараның маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Семинарда басқарманың бөлім басшысы Ә.Әлиева «Өңірде мемлекеттік тіл саясатының іске асырылуы және көрнекі ақпарат мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
– Облыста Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және «Қазақстан Республикасы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіліп келеді. 2023-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары жүзеге асырылуда. Тұжырымдама 6 бөлімнен және іс-қимыл жоспарынан тұрады.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде қала, аудан әкімдіктерінің, облыстық, аумақтық мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен интеллектуалды ойындар, кеңейтілген мәжілістер, ғылыми-сараптамалық талқылаулар, республикалық ғылыми конференциялар өтті. Жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптеу бағытында іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жыл басынан бері Тілдерді оқыту орталығы арқылы 2082 адам оқыту курсынан, кәсіпкерлер қысқа мерзімді «Қазақ тілді кәсіпкер» курсынан өтті. Орталық әзірлеген 2 әдістемелік құрал баспадан шығарылып, таратылды. Биыл Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша 450 адам диагностикалық, 146 адам сертификаттық тестілеуге қатысты, – деді Ә.Әлиева.
Баяндамашы көрнекі ақпарат тіліндегі қателер, сауатсыз аудармалар қоғамдық санаға кері әсер ететінін айтты. Осы ретте облыс бойынша 1845 кәсіпкерлік нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, кемшілік анықталған, 168 кәсіп иесіне ұсыным хаттар мен ескертулер берілген. Олардың 101-і қатесін түзеген.
Одан әрі Сырдария ауданында атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Төреәлиев айтып берді.
– Сырдария ауданында құрылған жұмысшы топ мүшелері көрнекі ақпаратқа байланысты түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізуде. Биыл 74 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 58 маңдайша қатесі анықталды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, түзетулер енгізіліп, сала мамандары кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетуде, – деді ол.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры А.Абасилов «Мемлекеттік тілдің көрнекі ақпарат пен жарнама саласындағы қызметі» тақырыбындағы баяндамасында жарнама саласындағы қателіктер мен аудармалар туралы әңгімелеп, өз ойын ортаға салды. Ал облыс бойынша салық департаментінің өкілі З.Шәкетова «Бақылау касса машиналарының мемлекеттік тілде жүргізілуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар» тақырыбында дайындаған баяндамасын көпшілікке ұсынды.
Мұнан кейін қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, кәсіпкерлердің жарнама мәтіндерін алдын ала жергілікті әкімдіктермен келісу тәжірибесін қайта қолға алуды ұсынды.
Шарада басқарма басшысы республикалық байқауда жүлделі орын иеленген Қазалы ауданындағы «Айерке» фотосалонының копирайтері Ж.Пірімге, №95 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Н.Барковаға басқарманың Алғыс хатын табыстады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<