Көше көркейсе, көңіл жайланады

729

0

Өңірлерді байланыстыратын күре жолдың да, ауыл-ауылға қатынайтын қара жолдың да жайлы болғаны жақсы. Қаладағы шешімін күткен күрделі мәселелердің бірі автокөлік және аяқжолдың жайы болатын. Осыған орай, қала әкімі Асылбек Шәменов жол құрылысына жауапты мекеме басшыларымен кездесіп, жол құрылысы жүріп жатқан шағын аудандарды аралады.

Алдымен Е.Көшербаев көшесіндегі жұмыстармен танысты. Ұзындығы 3,8 шақырым аяқжолды «Қызылорда жолдары» ЖШС жүргізуде. Бекітілген кесте бойынша ауқымды жұмыс маусым айында аяқталуы керек. Жол сапасын және мерзімінде бітуін бақылау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөліміне жүктелді.

– Биыл қала мен елді мекендерге республикалық, облыстық және қалалық бюджеттен 12 миллиард теңге қаражат бөлініп, 238 көшеге жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде 99 көшеге асфальт жол, 139 көшеге тас жол, жаяу жүргіншілерге арналған 19 аяқжолға жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаланың шет аймақтары КБИ, «Шанхай», «Бәйтерек» шағын аудандарына мемлекеттік бағдарламалар аясында жол құрылыс жұмыстары бастау алды. Қазір қаладағы Бейбарыс сұлтан көшесі қайта жаңғыртудан өтуде. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жөндеуге арнайы жоба әзірленіп жатыр. Ол үшін облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаражат бөлінді. Алдағы уақытта 21 тұрғын үй ауласын абаттандыру жұмыстары басталады. Жол инфрақұрылымы бойынша тиісті жұмыстар бекітілген мерзімде пайдалануға беріледі, – деді қала әкімі А.Шәменов.

Кейінгі жылдары қаланың шет аймақтарына басымдық беріліп келеді. Тозығы жеткен электр желілері ауыстырылып, жаңа жолдар мен тротуарлар салынды. Сондай-ақ, КБИ шағын ауданындағы 7 көшеге қиыршық тас пен асфальт төселуде. Жалпы ұзындығы 3 шақырым бұл жол мамыр айында толығымен жаңарады. Қала әкімімен кездескен тұрғындар алғыс білдірді.

– Жауын-шашынды күндері тұрғындар лай-батпаққа батып, әбден әуре-сарсаңға түсетін. Жазда сапасы сын көтермейтін жолдан шығатын шаңнан құдды бір тұманның арасында жүргендей күй кешуші едік. Енді мінекей, ол күннің барлығы артта қалып, жаңа жол салу жұмыстары басталды. Тұрғындардың тілегін ескерген жергілікті атқарушы органдар мен тиісті мекеме басшыларына алғыс айтамыз, – деді қала тұрғыны Темірбек Серәлі.

«Бәйтерек» шағын ауданындағы 7 көшеде орташа жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бүгінде мердігер мекеме алғашқы көшенің жөндеу жұмыстарын аяқтау кезеңінде тұр. «Қызылорда жолдары» ЖШС басшысы Алтынбек Шоманов жоспарға сәйкес жалпы ұзындығы 12 шақырымға жуық жеті көшені асфальттау мамыр айында аяқталатынын айтты. Ендігі кезекте қалған жұмыстар басталады. Қала әкімі мердігер мекеме басшылығына жұмыстардың бекітілген стандарттарға сәйкес тексеруден кейін қабылданатынын айтып, сапаны бірінші кезекке қоюды тапсырды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»