Көшпенділер ойындары: Билет бағасы қанша?

46

0

Көшпенділер ойындары: Билет бағасы қанша?

24.kz-тің хабарлауынша, Көшпенділер ойындарында болатын спорт жарыстарына кіру құны айқындалып отыр.

Мәселен, қазақ күресі сайысына билеттер таңертең 2,5 мың теңгеден, кешке 5000 теңгеден басталады. Садақ атушылар жарысына билетті таңғы уақытта 600 теңгеден, кешке 1000 теңгеден алып көруге болады. Ал асық ату мен арқан тартыстан таңғы бәсекеге билет бағасы 700 теңгеден басталса, кешке 1000 теңгеден жоғары есептелмек.

«Пәтер құны өспесе, түспейді»

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков пәтер бағасы туралы болжамын айтты деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

– Бұл жерде пәтер бағасының күрт түскені байқалмағанына сендіре аламын. Өйткені инфляция баспана бағасына қалай да әсер етеді. 2024 жылдың алғашқы жартысындағы қорытынды бойынша қолданысқа беріліп жатқан баспана ауданының өсу тенденциясы бар. Құрылыс шығындарының орташа статистикасы да 2-3 пайыз көлемінде өсті. Дейтұрғанмен, жасалған мәмілелер саны төмендеген. Біз пәтер құнының түсуін дәл осы мәмілелердің азаюымен байланыстырамыз. Жалпы пәтер бағасының күрт өсуін немесе күрт түсуін күтіп отырған жоқпыз. Біртіндеп өсе береді деген болжам бар, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Туризм және бір жыл

Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша өткен жылдың қорытындысымен ресми тіркелген турагенттіктер мен туроператорлардан бюджетке түсетін салықтық түсімдер 14,3 млрд теңге болған. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі «ҚазАқпарат» сауалына жолдаған жауабында мәлімдеді.

Ведомство мәліметінде былтыр елге 9,2 млн қонақ келгені айтылады. Алайда соның тек 1,1 миллионы қонақүй қызметін пайдаланған.

«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 9,2 миллионнан астам шетелдік қонақ келді. Оның ішінде 1,1 миллионға жуығы отандық орналастыру орындарында (қонақ үйлерде) қызмет алған. Бұл ретте Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, «Сапарлар» бабы бойынша қызметтер экспорты 2,3 млрд АҚШ доллары болды. Бұл көрсеткіш Қазақстанда шетелдік келушілер сатып алған тауарлар мен қызметтерді қамтиды» делінген ведомство жауабында.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<