Көшпенділер ойыны: Қазақстан көш басында

384

0

Алты күн Астананы дүбірге бөлеген Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты өтті.

8 қыркүйекте басталған ұлы дала додасында ұлттық спорттың 21 түрінен жарыс ұйымдастырылып, 89 елден 2,5 мыңнан астам спортшы бақ сынады. Барлығы 97 жиынтық немесе 581 медаль ойнатылды. 

«Біз V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын аяқтап, дүбірлі дода шымылдығын жабамыз. Қазақстан түркі әлеміне ғана емес, бүкіл әлемге туыстас халықтардың бауырмалдығын, ынтымақтастығын паш ете білді. Спорттық іс-шара арқылы түркітілдес елдердің бай мәдениеті, салт-дәстүрі айрықша дәріптелді. Қазақстанға, Президентке және Министрге осы ойындарды қолдап, ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Келесі тізгін Қырғызстанда, оларға сәттілік тілеймін» деген Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Билал Ердоғанның сөзін Zakon.kz келтірді.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өз кезегінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қазақ жерінде өткенін мақтан тұтатынын айтты.

«Бұл – ұлттық спорт түрлерін ынталандыру ғана емес, сонымен қатар туризмді дамыту мақсаттарына қызмет ететін елімізді насихаттаушы тамаша мүмкіндік» деді министр.

Сонымен, жалпыкомандалық есепте 44 алтын, 33 күміс, 37 қола медальмен Қазақстан құрамасы бірінші орынға шықты. Әсіресе, кеше, яғни көшпенділер ойындарының соңғы жарыс күні біз үшін олжалы болды. Ел қоржынына 12 алтын, 9 күміс, 10 қола жүлде сыйлаған отандастарымыз шешуші сында дара көрінді.

Қырғызстан құрамасы Көшпенділер ойынын 18 алтын, 21 күміс, 25 (64) қола медальмен қорытындылап, жалпы есепте екінші орынға ие болды.

Ал үздік үштікті Өзбекстан құрамасы қанжығасына байлады. Олардың еншісінде 11 алтын, 12 күміс, 11 (34) қола медаль бар.

Төртінші орынға 11 алтын, 10 күміс, 25 қола медаль жеңіп алған Ресей құрамасы иелік етсе, бестікті 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен Түркия құрамасы түйіндеді.

Жалпы, 89 елдің 33-і медальға қол жеткізді. Оның ішінде 18 мемлекет алтын жүлде жеңіп алса, 16 мемлекеттің қоржынында күміс, 28 мемлекеттің еншісінде қола медаль бар.

* * *

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Қызылорда облысы өнерпаздарының «Сұлу Сырдан сазды сәлем!» атты

этно концерті өтті.

Концерт Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйіне қойылған «Қазыналы қазағым» прологымен ашылды. Әрі қарай іс-шара «Қорқыт сазы» қобызшылар, «Ақмешіт» фольклорлық ансамбльдерінің сүйемелдеуімен, «Томирис» би ансамблінің биімен, Марат Сүгірбайдың жырымен, Руслан Ахметовтің төгілтіп айтқан термесімен жалғасты.

Қорқыттың «Сарын» және Мұрат Сыдықовтың «Мұраттың төкпесі» күйлері көрермендердің, әсіресе шетелден келген қонақтардың қошеметіне бөленді. «Тойбастар» көрінісінде Үміт Медеуова, Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Майра Сәрсенбаева, Бейсенбек Төлеубаев, Әділхан Қуаңбаев Сыр сүлейлерінің шығармаларын орындап, Сырға ғана тән бекзада өнерді тағы бір асқақтатты. Ал дәстүрлі әнші Б.Қарғабаев, классикалық ән орындау шеберлері С.Тасбергенова, М.Аманжолов, А.Табынбаев, А.Қойшығара халық әндерін, Абай әндерін, өңір композиторларының туындыларын тарту етті.

Дүйім жұрттың қошеметіне бөленген концерт Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Елена Әбдіхалықованың «Сыр елім» атты әнімен түйінделді.

Концертке ҚР Мәдениет саласының үздігі Азиза Іздіқұлова режиссерлік етті.

«СБ ақпарат»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<