Колледждердің рейтингі жасалады

154

0

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірде бірқатар ауқымды істер атқарылады. Бұл – кәсіптік білім саласын дамытуға берілген  мол мүмкіндік.

Атаулы жылды өткізудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, кәсіптік білім беру саласын трансформациялаудың жол картасы қабылданды. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Есенбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында хабарлады. Оның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында даярланатын мамандықтарға профилизациялау жүргізіліп, бірнеше оқу орнында қатар даярланатын мамандық пен біліктілік бойынша мемлекеттік лицензиясы кері қайтарылады. 2023-2024 оқу жылында 9 колледждің 38 мамандығы бойынша 52 біліктілік, биыл 8 колледждің мамандық даярлау бағытына сәйкес келмейтін 21 мамандықтың 31 біліктілігі нақтыланып, лицензиясы кері алынады. Сонымен бірге, білім сапасына байланысты оқу орындарының рейтингі қалыптастырылып, жыл сайын бағалау жүргізілмек. Бұл оқу орындарының бәсекеге қабілетті кадр даярлаудағы әлеуетін айқындайды.

– Қазір колледждердің рейтингін анықтауға байланысты Оқу-ағарту министрлігі арнайы әдістемелік нұсқаулық жобасын әзірлеп жатыр. Оқу орындарының халықаралық салалық білім беру стандарты бойынша бітірушілерді сертификаттау, жұмысқа орналастыру көрсеткішін арттыру жүргізіледі.  Алдыңғы жылы колледжді бітірген 5293 студенттің 4585-і,  мемлекеттік тапсырыспен бітірген 3401 студенттің 2903-і жұмысқа орналасты.  Ал өткен жылы 5895 студент, оның ішінде 3916-сы мемлекеттік тапсырыспен оқуын аяқтады.  4270-і жұмысқа орналасып, көрсеткіш 72 пайызды құрады. Мұны біз мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының ақпараты негізінде анықтаймыз. 2025 жылдан бастап бітіруші курстардың оқу-өндірістік іс-тәжірибеден өтуі туралы ақпарат «Enbek.кz» электронды порталына енгізіледі. Бұл түлектердің практикадан өтуімен қатар тұрақты жұмысқа орналасуына өз ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, үздік бітіруші 200 түлекке тұрақты жұмысқа орналасуға арнайы жолдама беріледі. 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша 4608   талапкер оқуға қабылданды. Оның ішінде кәсіпорындардың сұранысы негізінде 356 орын мақсатты мемлекеттік тапсырыс бойынша үш жақты келісім-шарт негізінде жүзеге асырылды. Алдағы оқу жылында 400 студент мақсатты мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылданады. Олардың теориялық білімін кәсіпорын базасындағы іс-тәжірибемен ұштастыруға және практикадан сапалы өтуіне, нәтижесінде тұрақты жұмысқа орналасуына кәсіпорын тікелей жауапты болады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірдің еңбек нарығында 334,8 мың адам жұмыспен қамтылса, оның 52,2 пайызының жұмысшы мамандығы бар. Олар негізінен көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, сауда, құрылыс, өнеркәсіп секілді салаларда басымдыққа ие. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаеваның айтуынша, еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар бойынша 525 адамды қысқа мерзімді курсқа оқыту жоспарланса, «Skills Enbek» электронды білім беру порталы арқылы біліктілігін арттыру курстарынан тегін өткізу көзделуде.

– Жыл соңына дейін облыстық білім басқармасымен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесіп «Жұмысшы мамандықтар атласы» әзірленеді. Ол болашағы бар мамандықтарға сұраныс пен ұсынысты айқындайды. Алдағы  бесжылдыққа қажетті мамандық бойынша болжам жобасы қайта пысықталуда, – деді Жанар Жұмабекқызы.

Жалпы бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 22 млн теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті алдыңғы жылы мамандықтар атласын әзірлеу үшін 20 қызметкерді арнайы оқудан өткізген болатын. Мамандықтар атласына сәйкес, балық шаруашылығы ихтиолог (балық өсіруші), ара өсіруші-омарташы, аңшылық және аң өсіру шаруашылығы, құс шаруашылығы техник-технологі, жылыжай шаруашылығын ұйымдастырушы, тоқыма өндірісі, тоқыма машинисінің операторы, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу технологиясы, бақ-саябақ шаруашылығы, нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі, ет және ет өнімдерін өндіру, қалдықтарды қайта өңдеу, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаушы оператор, IT-робототехника, IT-мехатроника, тағы басқалар бар.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<