Комаға түскен мерзімді қызметтегі сарбаз оянды

483

0

Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысында комаға түскен мерзімді қызметтегі сарбаз есін жиды. Сүйінші хабарды сарбаздың анасы әлеуметтік желі арқылы хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жамбыл облысының Отар қаласында комаға түскен сарбаздың анасы видеоүндеу жасап, ұлының оянғанын хабарлады.

«Біздің сіздерге айтатын жаңалығымыз бар. Алланың қалауымен, көпшіліктің дұғасымен және дәрігерлердің көмегімен біздің баламыз комадан оянды. Комадан оянған күннің өзінде жағдайы ауыр деп есептеледі. Өйткені бүкіл іш құрылысы қалпына әлі келген жоқ. Емделіп жатыр, өзі сөйлей алмайды, бірақ комадан оянғанының өзі біз үшін жетістік болып отыр. Арасында күніне 6-8 сағатқа медициналық седацияға ұйықтатады. Өйткені сол ұйықтатқан аралықта ем-шараларын жасайды. Алда ұзақ оңалту және қалпына келтіру процесстері жүреді. Бізге алда қолдау көрсетеді деп сенеміз. Сол үшін бәріңізге көп рақмет айтқымыз келеді», – деді сарбаздың анасы.

Еске сала кетейік, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері комаға түскен сарбаздың жағдайы туралы пікір білдірген еді. Ведомство мәліметінше, науқас Қордай аудандық орталық ауруханасына 9 маусымда сағат 08:18-де Гвардейск әскери госпиталінен жедел медициналық көмек көрсетілуі үшін «полисегментарлық пневмония» диагнозымен түскен. Жігітке оң жақ плеврит, 3-4 дәрежелі инфекциялық-токсикалық шок, сепсис, органдар жетіспеушілігі синдромы, мидың гипоксиялық ісінуі, 2-3 дәрежелі церебралды кома диагнозы қойылған. Кейін сарбаздың туыстары видеоүндеу жасап, оқиғаның мән-жайын айтып берген.

Кейінірек президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысқаны белгілі болды.

«Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды», – деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Ал Қорғаныс министрлігі оқиғаның мән-жайын түсіндіріп, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<