Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Онда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет 2020-2021 жылдар мен 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында аймақтағы орта және арнаулы орта білім беру ұйымдарындағы жалақы есептеу заңдылығы, осы саладағы анықталған заң бұзушылықтар туралы баяндама жасады.
Аймақ басшысы жиында көтерілген мәселелер бойынша ескерту жасап, анықталған заң бұзушылықтар алдағы уақытта қайталанбауы тиіс екенін айтты.Соңғы уақыттарда қызметкерлердің еңбекақы қорынан қаржы жымқыру деректері орын алуына байланысты білім саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдер жоғары болғанын қаперге салып, шұғыл шара қабылдауды талап етті.
«Қатаң бақылауға алатын тағы бір мәселе – мектеп оқушыларының ыстық тамақпен қамтылуы. Президент тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап мемлекеттік мектептердің 1-4 сынып оқушыларына 100 пайыз тегін ыстық тамақ беріледі. Аймақтағы мемлекеттік мектептердің 71 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысына осы мүмкіндік ұсынылған. Бұдан бөлек, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасында тәрбиеленетін 5-11 сыныптағы 17 мыңнан аса оқушы да тегін тамақтанады. Баланың тамағынан ақша үнемдеп, пайда көрем деген ниет мүлде болмауы тиіс. Мектептерде сабаққа келмеген оқушыларды қоса есептеп, заң бұзушылыққа жол бермеңіздер. Балаға арналған ақша тек балаға ғана жұмсалуы тиіс», – деді облыс әкімі.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге орай облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимылдың үлгілік базалық бағыты бойынша жұмыстар барысын баяндады. Айта кетейік, 2022 жылы бұл бағытта жүргізілген жұмыстардың қорытындысымен Қызылорда облысы республикалық көрсеткішке сәйкес облыстар арасында 4 орынды иеленіп, жасыл аймақтан көрінді. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Жиын қорытындысында облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды бақылауға алуды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тәуекелдерді анықтап, кез келген салада заң аясында әрекет етуді, әділдік, қызметке адалдық және ашықтық қағидаларын берік ұстануды қатаң ескертті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<