Комиссия отырысында қауіпсіздік мәселелері қаралды

331

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу комиссиясы отырысында су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Судағы жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін облыс аумағында 750 адамға арналған 4 коммуналдық жағажай ресми түрде бекітілді. Маусым айының соңына дейін 900 адамға арналған қосымша 3 жағажай ашылады.

Сонымен қатар, демалыс орындарында 12 стационарлық және 6 модульдік бассейн жұмыс жасайды. Жазғы демалыс лагерьлерінде балаларға жүзуді үйрететін 7 стационарлық бассейн бар.Жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар, полиция департаменттері мен волонтерлер бірлесіп, рейдттік шаралар кезінде 42 мыңнан астам тұрғынға (оның ішінде 16 мыңнан астам жасөспірімге) судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, үнпарақтар таратты.

Профилактикалық шараларға 510 ерікті жұмылдырылды. Адам көп шоғырланған орындарда дауыс зорайтқыш және LED экран арқылы, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жұмыстары қарқын алды. «Kundelik.kz» сайтына ТЖ кезіндегі қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар орналастырылған, онда 295 оқу орны мен 100 714 оқушы қамтылған. Тағы 38 509 оқушыға интерактивті және ашық сабақтар өткізілді. «WhatsApp» мессенджері арқылы ата-аналарға бейнероликтер мен жадынамалар жіберілді.

Білім басқармасымен бірлесіп, қауіпсіздік тақырыбында семинарлар, брифингтер ұйымдастырылды, республикалық, облыстық телеарналарда, басылымдарда ақпараттық-насихаттық материалдар жарияланды. Су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауда. Жиында қатты жел салдарынан шатыры зақымдалған әлеуметтік нысандардың жағдайы туралы да айтылды. Жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, шатырды қалпына келтіргеннен гөрі алдын алу қажеттігі ескертілді.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық бақылау жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Талант Ерманов баяндама жасады. Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне тиісті қызметтермен бірлесіп, 5 шілдеге дейін өз аумақтарындағы әлеуметтік сала нысандары шатырларының беріктігін тексеру тапсырылды. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері күрделі жөндеу бойынша жоба-сметалық құжаттаманың сапалы әзірленуін, нысандардың шатыр конструкциясының сапалы орнатылуын міндетті түрде тексеруі тиіс.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<