Қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейіловтің төрағалығымен әкімдік жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыру комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Жиында арнайы комиссия қала тұрғындарынан және №2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан келіп түскен өтініштерді қарап, қолданыстағы заңнамада көзделген тәртіппен шешімдер қабылдады.
Әкелі-балалылар сынға түсті
Аралда Әкелер күніне орай отбасылық спорттық іс-шара өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов қатысып, мерекелік лебізін білдірді.
Іс-шараға әкелі-балалы 10 отбасы қатысып, сайыс қорытындысымен жүлделі орындар мен арнайы дипломдар табысталды. Сондай-ақ, жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Жастар керуені» Қызылқұмда
Аудан әкімдігінің қолдауымен қолға алынған «Жастар керуені» Қызылқұм ауылдық округінде болды. Аудан жастарына Кәукей ауылы жанындағы тарихи ескерткіш «Сараман-Қоса» мұнарасы таныстырылды.
Сондай-ақ, Кәукей ауылында жастар арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылып, «Жастар кубогы» сарапқа салынды. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
Тұрақты кеңес мәжілісі
Аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен тұрақты кеңес мәжілісі өтті.
Жиында ауданның макроэкономикалық және индикативтік көрсеткіштерінің орындалуы, кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сала басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Мәжіліс соңында аудан әкімі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімінің жүлдесіне арналған спартакиада жүлдегерлерін құттықтап, арнайы Алғыс хат табыстады.
Суды үнемдеу технологиясы
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов ауданға жұмыс сапарымен келіп, №312 су тоспа бекетінің жағдайын көрді. Сондай-ақ, «Ер Әлі» шаруа қожалығының 30 гектар күріш алқабындағы суды үнемдеу технологиясымен танысты.
Облыстағы алғашқы автоматтандырылған құрылғы өтетін судың мөлшерін есептеп, автономды түрде күн сәулесінен қуат алатын батареяларымен жұмыс істейді. Серік Қожаниязов «Оңтүстік» коллектор арнасындағы суды қайта пайдалану үшін орнатылған насос қондырғыларын да көрді.
Коммуналдық жағажай ашылды
«Қалғандария» көлінің жағасынан коммуналдық жағажай қызмет көрсете бастады.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентіндегі жаңа жағажайдың ашылу рәсіміне қатысып, демалыс орны халық көп жиналатын жайлы мекенге айналатынына сенім білдірді.
Аудан әкімі жағажай аумағын толық аралап көріп, кент әкімдігіне жарық бағаналарын орнату жөнінде тапсырма берді.
Спартакиада өтті
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ақ халатты абзал жандар арасында спартакиада өтті.
Сайысқа аудандық емхана, аудандық аурухананың қызметкерлері қатысып, волейбол, кіші футбол, қол күресі, эстафеталық жарыс, арқан тартыс спорт түрлерінен бақ сынады.
Жалпыкомандалық есеп бойынша волейболдан І орынды аудандық аурухана, арқан тартыстан І орынды «Көкшоқы» емханасы, эстафеталық жарыстан І орынды аудандық емхана қызметкерлері иеленді.
Түсіндірме жұмыстарын жүргізді
«Қызылорда облысының жастар одақ-тары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен кәсіби заңгер Ж.Алдабергенов Қандөз, Қаратөбе, Келінтөбе, Аққорған, Қожакент ауылдары тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиында сыбайлас жемқорлыққа барудың салдары түсіндірілді. Сондай-ақ, заңгер тұрғындар сұрақтарына жауап беріп, еркін форматта пікір алмасты. Түсіндіру шаралары алдағы уақытта барлық елді мекендерде жүргізіледі.
«СБ» ақпарат





