Комиссияның кезекті отырысы

290

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың жоспарлануын, игерілуін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері қаралды. Сондай-ақ суармалы жерді суарудағы, жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар талқыланды.

Аймақ басшысы атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірқатар тапсырма жүктеді.

– Сыбайлас жемқорлық себептерін жоюдың тиімді құралдардың бірі – ішкі талдау жұмыстары. Оны мемлекеттік органдар тұрақты негізде жүргізуі тиіс.

Әкімдер мен облыстық басқарма басшылары ішкі талдаудың сапасын арттыруда, осал тұстарды анықтауда нақты іс-әрекетке көшуі керек. Халықтың мұң-мұқтажын уақытылы естіп, оған қатысты шара қолдану – сіздердің тікелей міндеттеріңіз.

Бағынысты қызметкерлер, қолданыстағы заңнамалардағы шектеулерді қатаң сақтаңыздар. Жұмыс пен орындаушылық тәртіпке бақылауды күшейтіп, қызметкерлермен персоналды түрде профилактикалық әңгімелесу керек. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі комплаенс-қызметтің жұмысын күшейтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу қажет. Жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсетуде белгіленген регламенттер қатаң сақталуы тиіс. Комиссияда қаралған әрбір мәселе өзекті. Жауапкершілікті күшейтіп, жүктелген міндетті мүлтіксіз орындау өте маңызды, – деді Н.Нәлібаев.

Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төралиев, Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев, Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет, Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек, Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<