Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар, табиғи монополия субъектілерінің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен тұрғын-үй коммуналдық саласындағы мәселелер бойынша азаматтар үшін қоғамдық қабылдау өткізді. Оны департамент басшысының міндетін атқарушы Г.Өтегенова жүргізіп, қабылдауға келушілердің сұрақтары бойынша түсінік берді.
Қабылдауда «Сенім» ПИК төрайымы И.Сартова Қызылорда қаласы, Төле би көшесіндегі үйде ауыз су қысымының төмендігі және жалпыүйлік жылу есептеу құралдарын коммерциялық есепке қабылдау мен оның көрсеткіші бойынша жылуға төлем жүргізу туралы айтса, қала тұрғыны А.Мамбетова тұтыну көлеміне байланысты электрмен жабдықтауға сараланған бағалардың негізділігін түсіндіруді сұрады.
Зейнеткер Н.Досалиева Қызылорда қаласы, Мүсірепов көшесінде орналасқан көп қабатты үйдің маңындағы кәріз жүйесі жиі істен шығып, тұрғындарға қиындықтар туғызғанын, ақау жөнделсе деген ұсынысын білдірді.
Қаладағы «Мерей» шағын ауданының тұрғыны Е.Байділда аталған ауданда орналасқан «Жаңа ел» дүкенінде кассалық аппарат қолданбайтындығын, сатылған заттарға түбіртек берілмейтінін және тұрғынның үйінде жаңарту жұмыстары сапасыз жүргізіліп, қазір ол үшін ақы талап етіліп жатқанын айтты.
Қоғамдық тыңдауға келген сала басшылары қойылған сұрақтар бойынша атқарылатын жұмыстар туралы айтып, кейбір мәселелер бойынша түсіндірме берді.
Сондай-ақ қоғамдық қабылдауға келген азаматтар электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және суды бұру салаларындағы өзекті мәселелерді қозғап, олар бойынша департамент әр аптаның сейсенбі күні аталған шараны өткізіп тұруды ұйғарды.
Ж.ӘЛМАХАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<