Компания өкілдерімен кездесті

802

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларымен бірге «Harvest Kazakhstan» компаниясы өкілдерімен кездесті. Басқосуда бірлесіп атқары­латын жұмыстар талқыланды.

– Біздің өңір – әріптестік пен инвестициялар үшін үлкен әлеуеті бар, қарқынды даму жо­лына түскен агро-индустриялық аймақ. Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы Сыр­дария өзеніндегі су деңгейіне тікелей байланысты.

Егілетін негізі дақыл – күріш, ол суды көп қажет етеді. Жалпы егін көлемі 190 мың гектар, оның ішінде күріш 80-85 мың гектар аралығында. Еліміздегі күріштің 90 пайыздан астамы Қызылорда облысында өндіріледі.

Мемлекет басшысының Жол­дауындағы су ресурстарын үнемдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі тапсырмаға сәйкес күріш көлемін азайтып, жүгері алқаптарын ұлғайтуды жоспарладық.

Бұл бағытта Жаркент қала­сындағы жүгері-сірне зауыты басшысымен келіссөз жүргіздік. Ол бойынша бірінші кезеңде, яғни 2025-2026 жылдары кептіру цехы, екінші кезеңде 2026-2029 жылдары жүгеріні терең өңдеу зауыты салынады.

Зауыт тиімді жұмыс жасауы үшін кем дегенде 20 мың гектарға жүгері егілуі қажет. Сіздерге өткенде белгіленген 10 мың гектар жер телімі табысталады. Компанияның ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы тәжірибесін ескеріп, бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз.

Біз әрбір инвесторға қолда­ныстағы заңнама аясында мүм­кіндік жасаймыз. Барлық инфра­құрылым желісі қолжетімді, облыс әкімдігі қажетті техни­калық шарттарды алуға жан-жақты қолдау көрсетеді, – деді облыс әкімі.

Басқосуда «Harvest Kazakhstan» компаниясының бас дирек­торы Дәулет Увашев әріптестік қарым-қатынасты дамытуға дайын екенін жеткізді.