Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша аймақтағы эпидахуал тұрақты

219

0

Фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз деп танылған 115 елдімекенде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жалғасуда және осы шаралардың тиімділігін тексеру де тұрақты бақылауда.

Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүрізілуде. Бүгінге дейін 20329 дана кене жиналды, 2517сынама зерттеумен қамтылып, 37 сынамадан оң нәтиже анықталды, оның ішінде елді мекеннен жиналған кенелердің 9 сынамасынан, жануарлардан алынған кенелердің 21 сынамасынан және далалық аймақтан жиналған кенелердің 7 сынамасынан оң нәтиже тіркелді. Оң сынамалардың басым көпшілігі иксодты кенелердің Dermacenter dagestanicus (nevius) түріне тиесілі.

Ағымдағы 2024 жыл басынан бері 522 адам кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгініп, барлығына дәрігерлік көмек көрсетілді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына 9 күдікті жағдай тіркеліп, оның үшеуі лабораториялық, клиникалық және эпидемиологиялық жолмен нақтыланды (Жаңақорған мен Шиелі аудандарының тұрғындары).

Ерте көктемнен қара күзге дейін кенелердің табиғатқа шығуы белсенді болып, тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін кене шағып, ауру жұқтырып алу қаупі арта түседі. Бұл ретте сақтық шараларының қатаң орындалуы аса маңызды.Облыс тұрғындарын мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен айналысқанда, сондай-ақ мал қырқымы кезінде, мал сойғанда арнайы жұмыс киімдерімен, қолғаптармен жұмыс жасап, қол гигиенасын сақтап, антисептиктерді пайдалану, табиғат аясына демалысқа шыққанда кенелерден қорғайтын арнайы репеллентерді пайдалануға, мейлінше дененің барлық жерін жауып тұратын, ақ түсті киім киіп, кенелердің болмауына жиі тексеріп тұруды, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауды сұраймыз. Төрт түліктен қандай да бір ауру белгілерін байқасаңыз немесе қандай да бір күмән туындағанболса оны сойып, етін пайдаланудан аулақ болуға және бірден ветеринар дәрігерге тексерту қажет екендігін ескертеміз. Сондай-ақ өзіңізден де ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береміз. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдаған кезде аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болады.

Динара Жанабергенова

Қызылорда облысының

санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<