Конго-Қырым  геморрагиялық  қызбасының алдын алу

801

0

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) немесе халық аузында айтылатын «көкала» ауруы – вирустық,  табиғи-ошақтық аса қауіпті жұқпалы ауру, трансмиссивті берілу механизмімен тарайды. Латын тілінен «геморрагия» сөзін аударғанда «қан кету» деген мағынаны білдіреді. Негізгі қоздырғыш тасымалдаушы – кене. Аурудың Қазақстандағы табиғи ошақтары – Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары.

Қанды безгек – екі толқынды қызбамен, жалпы уыттанумен және айқын білінетін тромбогеморрагиялық белгісімен, өлім-жітімнің жоғарылығымен сипатталатын жіті вирусты аса  қауіпті ауру. Негізгі клиникалық көріністері: дене қызуының 38с градусқа және одан жоғары болуы, бастың қатты ауыруы, буындардың сырқырауы, жүрек айну мен құсу,іштің ауыруы немесе өтуі. Аурудың өршу кезеңінде науқастың ауыз қуысынан, мұрнынан, асқазанынан, ішектерінен, әйелдерде жатырдан қан кету белгілері кездесуі мүмкін.

Табиғатқа шыққанда, далада жұмыс  істегенде дененің ашық жерлеріне және киімге кене ағзасына кері әсер ететін немесе оны жоюға бағытталған арнайы сақтану құралдарын қолдану қажет.  Егер  сізді  кене  шақса  міндетті  түрде  тұрғылықты  жер бойынша  емдеу  мекемесіне  медициналық  көмекке жүгініңіз. Кенені еш уақытта қорғаусыз (қолғапсыз) жалаң  қолмен ұстамаңыз.  Кене шаққан жағдайда немесе науқас адаммен қарым-қатынаста  болған адамдарға  14 күн обсервациялық  бақылау  парағы  арналып, жалпы жағдайы, дене қызуы, тері жабындысы мен бұлшық еттегі ауырсыну  белгілері тексеріліп, толтырылады.

Биыл №3 қалалық емхана бойынша кене шағу жағдайымен фильтр кабинетіне келген науқас саны – 22, олардың барлығы амбулаторлы ем алды, стационарлық көмекке жүгінгені болған жоқ. Амбулаторлы ем алған барлық науқастар 14 күн медициналық бақылауда болып,обсервациялық парақ толтырылды. Қазіргі таңда 3 науқас амбулаторлы медициналық бақылануда. КҚГҚ-ның болжамды және ықтимал жағдайлары орын алған жоқ. КҚГҚ-на күдікті науқас тіркеле қалған жағдайда оперативті жұмыс жасау алгоритмдері бекітіліп, көзге көрінетін барлық жерлерге ілінді. Барлық медицина қызметкерлері аса кауіпті аурумен жұмыс жасау алгоритмдері мен оқу-тренингтік жаттығу жұмыстарынан өткізілді. Эпидемиялық кезеңде емхана бойынша медицина қызметкерлері мен келген тұрғындар арасында санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілді. Аймақ тұрғындары арасында да ескертпелі үнпарақшалар таратылуда. Емхананың дәліздерінде орналасқан теледидарлар арқылы КҚГҚ-ның алдын алу мен сақтану жолдары туралы видеороликтер көрсетілуде. КҚГҚ ауруына барынша қырағылық танытып, күдікті науқастармен жұмыс жасау кезінде жеке қорғаныш құралдарын пайдалану керектігі барлық медициналық қызметкерлерге ескертілді. Жеке басын қорғайтын құралдар қоры жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген.

Гүлнұр   Ильясова,

 №3 қалалық емхананың эпидемиолог  дәрігері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<