Конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу

740

0

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – табиғи ошақтық аса қауіпті ауру, оның өлім көрсеткіші өте жоғары. Осы қауіпті ауруды жұқтыру көктемгі-күзгі маусымдарда тіркеледі. Адамдарға бұл індет денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда науқас адамдармен қарым-қатынаста жұғады. Вирус адам ағзасына жұққаннан кейін 1-14 күн ішінде аурудың алғашқы белгілері білініп, дене ыстығы көтеріледі, басы, буындары, белі, іші және балтыры сырқырап, қатты ауырады.

Биылғы эпидемиологиялық маусымында 127 елді мекен қолайсыз деп танылды. Бұл елді мекендердің залалсыздандыру іс-шараларына бюджеттен қаржы қарастырылған. Басқа қолайлы деген елді мекендердің тұрғындары залалсыздандыру жұмыстарын өз қаражаттарымен жүргізеді.

Облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, жергілікті жерлердегі ауылдық округ әкімдері елді мекендердегі уақ малдарды ванналарда тоғыту жұмыстарын ұйымдастыру үшін қажетті препарат және су мәселесін шешу жолдарын қарастырып, қоралардың механикалық тазалану жұмыстарын ұйымдастырады. Осыған байланысты ауылдық округ әкімдері тарапынан жауапкершілікпен қарап белсенді іс-қимылдар жасауы, сонымен бірге, қораны механикалық тазалауда мүгедек, жағдайы төмен отбасыларына көмек қолдарын созулары қажет.

Қолайсыз 127 елді мекен бойынша барлығы 523 679 мал басы және көлемі 2 520 985 шаршы метрді құрайтын 34 086 қора мен аумағы 769 514 шаршы метр 1330 суат пен шаңлақ есебі алынды. Облыстық ветеринария басқармасы тарапынан залалсыздандыру жұмыстарына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық препараттар мемлекеттік реестрінде тіркелген ЦИПЭК 10% ерітіндісін пайдалану туралы және нақтыланған мал, қора, суат, шаңлақ саны есебі жұмылдыру дайындығы басқармасына ұсынылды.

Кенеге қарсы залалсыздандыру іс-шаралары жылына 2 мәрте көктемде және күзде жүргізіледі. Қазіргі таңда қолайсыз елді мекендерде күзгі кенеге қарсы дезинсекция, дезакаризация жұмыстары жүргізілуде. Мал қоралар толық механикалық-санитарлық тазартылуы және ауыл шаруашылығы жануарларының кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарымен толық қамтылуына алдымен мал иелері ынталы болғаны дұрыс. Сонымен қатар, кенеге қарсы залалсыздандырумен айналысып жатқан мердігер мекеме қызметкерлерінен сапалы жұмыс талап етілуі қажет. Осы жұмыстардың басы-қасында ауыл ақсақалдары мен көше белсенділері жанашырлық танытып, бақылап отырғаны жөн.

 Жұмылдыру дайындығы басқармасы өткізген мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша жеңімпаз мердігер мекемелер облыс көлемінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қарсы дезинсекция, дезакаризация жұмыстарын жүргізуде.

Облыс әкімінің өкіміне сәйкес, салааралық мәлімет алмасу, бірлесіп тығыз қарым-қатынаста жұмысты үйлестіру мақсатында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы табиғи ошақтарында қала, аудан әкімдері мен облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен ветеринария, денсаулық сақтау, жұмылдыру дайындығы сынды бірқатар облыстық басқармалар, облыстық төтенше жағдайлар департаменті және Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы мен ШЖҚ РМК «Ұлттық сараптама орталығының» облыс бойынша филиалы мамандары бірлесіп облыстық, қалалық, аудандық деңгейлерде штаб құрылды.

Аурудың алдын алу мақсатында мал иелері ветеринариялық дәріханалардан өз қаржыларына кенеге қарсы препараттар пайдалануда. Соның бірі – ивермек (ивен, ивермектин, иверсектин, баймек, т.б.) – инъекцияға арналған ерітінді сұйық дәрі. Паразитарлы ауруларды емдеуге және алдын алуға МІҚ, қой, ешкі, түйе мен шошқаға пайдаланылады. Ивермек түссіз немесе сарғыш болып келеді. Бұл дәрі құрғақ, қараңғы жерде 00С пен 250С аралығында сақталуы керек. Флакон ашылған соң 24 күнге дейін ғана сақтап пайдалануға болады. Инъекциядан соң дәрі 10-14 күнге дейін белсенді әсер етеді.

Ивермек 50 кг салмаққа 1 мл мөлшерде салынады. Дәрі малдың терісіне жабысып тұрған паразиттермен қоса (кене, бит, сірке, т.б.) ішкі құрылысындағы көптеген зиянды құрттарды жойып, малдың тез оңалуына да септігін тигізеді.

Мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенелер көбейген кезде сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жеңді киімдер киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Адам денесіне кенелерді жолатпайтын репелленттер мен кремдерді жағу арқылы да қорғануға болады. Ауыл шаруашылығы жануарларын күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныс киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында денесі мен киімдерін кенелерден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.

Егер, өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз, міндетті түрде дәрігерге көрінгеніңіз дұрыс.

Облыстық ветеринария басқармасы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<