Қазіргі күні әлеуметтік желілердің жеке адамға, жалпы қоғамға, мемлекеттерге ықпалы барған сайын күшейіп барады. Әлеуметтік желілер миллиардтаған адамдардың күнделікті жаңалықтарымен бөлісіп, хат-хабар алысатын ортасына айналып кетті. Олардың пайдасы мен зияндығы жайлы көп жазылып та жүр. Қалай болғанда да одан адамдар бас тартпайтыны анық. Дегенмен, мұндай желілер неше түрлі алаяқтар мен арам пиғылды адамдардың алаңы екенін де естен шығармаған абзал. Бұл жайында жан-жақты тәптіштеп жазып жатпаймыз. Бүгін тек бір мәселеге ғана қатысты айтқымыз келеді.
Жалпы, ел аумағындағы шағын және орта бизнес субьектілері, ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындары болсын өзінің тауарына, шығарған өніміне сертификат алмай оны сатуға шығаруға болмайды. Сертификаттаудың негізгі мақсаты – адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өнім мен оған жасалатын қызметтің сапасын бағалап, тұтынушының мүддесін қорғау. Ал сертификат беру қызметін арнайы мекемелер атқарады. Ол үшін мұндай мекекемелерге өтініш түсіріліп, ол заңмен белгіленген мерзімде орындалуы тиіс.
Ал соңғы кездері әлеуметтік желілерде осындай қызметті бір күнде атқарып береміз деп хабарландыру беретін түрлі консалтингтік фирмалар пайда болуда. Естуімізше, олардың қызметіне жүгініп, алданып қалып жатқандар бар көрінеді. Осыған байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне хабарласқан болатынбыз. Департаменттің бөлім басшысы Әуелбек Қамзаев бізге төмендегідей түсіндірме берді.
ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 20 сәуірдегі №367 «Қазақстан Республикасында өнімдерді міндетті растау туралы» қаулысымен бекітілген тізімге енген өнімдерге (тауарларға) сәйкестік сертификатын рәсімдемей (алмай) оны сатуға шығаруға болмайды. Ал сертификат беру қызметін аккредиттеуден өткен арнайы мекемелер-сәйкестікті растау органдары атқарады. Ол үшін мұндай мекемелерге өтініш түсіріліп, шығарылатын өнім аккредиттелген зертханадан сынаудан өткізіліп, белгілі бір нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келген жағдайда сәйкестік сертификаттары немесе декларация рәсімделеді. Ол заңмен белгіленген мерзімде орындалуы тиіс.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 8 қаңтардағы № 215-˅ǁ ҚРЗ Заңының 13-ші бабының 1-2 тармағымен («Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелмеген ұйымдардың өнімдердің сәйкестігін міндетті растау жөнінде қызметтер көрсетуді және (немесе) сәйкестігін растау саласындағы делдалдық қызметтер көрсетуді жарнамалауына тыйым салынады») сәйкестікті растау бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелмеген сәйкестікті растау жөніндегі қызметтерді ұсынатын ұйымдардың жарнамасына тыйым салатын нормасы енгізілді.
Қабылданған Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі. Заң талаптарын бұзған шаруашылық субъектілер ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады ( жеке тұлғаларға-50 ЕАК, лауазымды адамдарға-70 ЕАК, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдарға-100 ЕАК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне -150 ЕАК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне-400 ЕАК мөлшерінде айыппұл салынады).
Департамент өкілі жоғарыда аталған мәселенің маңыздылығын атап өтіп, тұтынушылардың, бизнес субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттарды заңсыз беруді жүзеге асыратын консалтингтік ұйымдарға қарсы күрес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге облыс аумағында сертификаттау қызметімен тек бір ғана мекеме –«Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Қызылорда филиалы атқаратынын жеткізді. Олай болса кәсіпкерлер осы мәселені басты назарда ұстағаны абзал.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ
,
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<