Конституциялық мәртебеге ие болды

667

0

Елімізде «ҚР Прокуратурасы туралы» Конституциялық Заңы қабылданды. Бұл еліміздің тарихында Прокуратура органдарына қатысты Конституциялық мәртебесі бар алғашқы заң. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев БАҚ өкілдеріне қабылданған заңды кеңінен түсіндірді.

–  Заңның мақсаты – Прокуратура органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру және құзыретін кеңейту. Конституциялық Заңның ерекшеліктеріне тоқталсақ. Біріншіден, бас прокуратураға конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілді. Бұл ерекше мүмкіндік. Екіншіден, енді прокурорлар елден заңсыз шығарылған сырттағы активтерді қайтарумен тікелей айналысады. Үшіншіден, ҚР Президентінің, Бас прокурордың тапсырмасымен және олардың келісімі бойынша прокуратураға кәсіпкерлік субьектілерін тексеру құқығы берілді, – деді Нұрболат Серікұлы.

Сонымен қатар, заңды бұзуға жол бермеу, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жазбаша, ауызша не жария нысанда түсіндіреді және жауаптылық туралы ескертеді.

Сондай-ақ, прокурорлардың нұсқау беру құзыреті көбейді. Сотқа дейінгі тергеп тексеруге, жедел-іздестіруге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қосымша тексеріс жүргізуге, атқарушылық іс жүргізуге, жазаларды орындауға, прокуратураның талабы бойынша жүргізілетін тексерулерге және мемлекеттік құқықтық статистика, арнайы есепке алу мәселелері бойынша да жазбаша нұсқаулар бере алады.

Тағы бір өзгеріс, күзетпен ұстауға, жазасын өтеп жатқандарға, пробация есебінде тұрғандарға, сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою және прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындату туралы Қаулы шығарады.

Мұнымен қоса, заңда прокурорлардың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі кеңейді. Прокурор өз құзыретіне сәйкес дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзгеде құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, барлық ақпаратқа қол жеткізе алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<