Кореялық делегация Қызылордада

411

0

Өткен жылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Корея Республикасы Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву өңірлер арасындағы байланысты дамыту және бауырластық қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойған болатын.

Биыл меморандум аясында кореялық делегация Қызылордаға келді. Осы ретте қала әкімі Нұржан Ахатов Тэджон қаласы  Юсонгу ауданы әкімі Чон Ен Рэ мырзамен кездесті. Кездесуде Корея Республикасы мен Қызылорда облысы арасындағы жан-жақты байланыс, инвестициялық, туризм, ауыл шаруашылығы және көгалдандыру бағытындағы даму көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.

Өз кезегінде қала әкімі Нұржан Сәбитұлы меморандумда көзделген бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізуге дайын екендігін жеткізді.

Айта кету керек, Қызылорда облысы мен Кореяның ең ірі қалаларының бірі және ғылыми-технологиялық астанасы – Тэджон қаласын тарихи байланыстар біріктіреді. 2021 жылдың тамыз айында Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның сүйегі Қызылордадан осы Тэджон қаласының Ұлттық зиратына қайта жерленген болатын.

Сондай-ақ меморандумда сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастықты дамыту көзделген.

Жиын соңында қала әкімі делегация өкілдеріне сый- құрмет көрсетті. Юсонгу ауданы әкімі Чон Ен Рэ  де ыстық ықыласын білдіріп, алғысын айтты.

Бұған дейін делегация Корея елінің халық қаһарманы Хон Бом Доның мемориалдық кешенінде болып, Корей елі батырларының құрметіне гүл шоқтарын қойған болатын.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<