Сыр еліндегі қазақ және корей халықтары арасындағы ашық әрі сенімді достық қарым-қатынастың бекігеніне 80 жылдан астам уақыт өтті. Кеңес заманында Қызылорда облысына депортацияланған корейлердің біршама ұрпақтары қоныстанып, тату-тәтті өмір сүруде.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген Корея мәдени орталығының бас хатшысы Джонг Гён Вон бастаған делегация мүшелерін қабылдап, аймақ үшін маңызды бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
-Облысымызда 29 кәріс ұлтының өкілі КСРО Социалистік Еңбек Ері атағын алған болатын. Бұл кәріс халқының өте еңбекқор екендігінің бір дәлелі. Біздің халқымызбен кәріс жұртының ұқсайтын бір қасиеті – үлкенді сыйлау. Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға, нағыз батыр Хон Бом Доны ерекше атап өткім келеді. Ол өмірінің соңғы жылдарын Сыр елінде өткізген болатын. Батырдың құрметіне Қызылорда қаласында мемориал тұрғызылып, оның есімімен қала көшесінің бірі аталды. 2021 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Корея Республикасына барған іс-сапарында Кореяның ұлттық батыры Хон Бом До сүйегін тарихи Отанына қайтару рәсімі мақұлдасқан болатын. Бұл – Қазақстанның корей жұртына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі. Былтыр Кореяның 100 студенті Сыр елінде болып, Хон Бом До және Ге Бон У корей халқының батырларының тарихымен танысты. Бұл ортақ келісімнің дамуының айқын көрінісі. Мұнан өзге, алдағы уақытта Тэчжон қаласымен және Чоллабук-до провинциясымен дамыған ауыл шаруашылығы саласымен ынтымақтасу жоспарлануда. Бүгінгі таңда осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде,-деді Нұрымбет Аманұлы.
Кездесу аясында мәртебелі меймандар өңірлік корей этномәдени бірлестігінің де атқарып жатқан ауқымды жұмысы, Корея және Қазақстан арасындағы үлкен дәрежедегі достықты, жан-жақты байланысты сөз етіп, бұл сапар ынтымақтастық бағытындағы екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтып, алғысын жеткізді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<