Коронавирус қант диабетімен ауыратын адамдарға қауіп төндіруі мүмкін

332

0

Коронавирус қант диабетімен ауыратын адамдарға қауіп төндіруі мүмкін Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты эндокринология курсының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Лаура Даниярова коронавирус инфекциясының қант диабетімен ауыратындарға қаупі туралы айтып берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, COVID-19 жұқтыру қаупі әсіресе қант диабеті, гипертония, жүрек-қантамыр жүйесі мен созылмалы өкпе аурулары және қатерлі ісік аурулары бар егде адамдарға төнуі мүмкін.
«Аурудың декомпенсациясы кезінде қант диабеті санатындағы науқастар ағзасының иммунологиялық реактивтілігі төмендеуі мүмкін. Созылмалы гипергликемия (қандағы қанттың көбеюі) кез келген инфекциялық агенттердің, соның ішінде вирустың да өсуі мен дамуына «қолайлы» қоректік орта болады. Қант диабетімен ауыратын адамдарда вирустық инфекция қандағы глюкоза деңгейінің ауытқуы және қант диабеті салдарынан асқынуы мүмкін. Қант диабетімен ауыратын адамдарға коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту үшін сақтық шараларын ұстану қажет», – дейді Лаура Даниярова.
Халықаралық қант диабеті федерациясы қант диабетімен ауыратын адамдарда коронавирустың алдын-алу бойынша ұсыныстар жариялаған болатын. Ең бастысы – өзін-өзі бақылау шаралары:
– Қандағы глюкоза деңгейін бақылауға ерекше назар аудару керек. Тұрақты бақылау қандағы жоғары немесе төмен глюкоза деңгейінен туындайтын асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
 – Тұмау белгілері болған жағдайда (дененің қызуы, жөтел, ентігу), міндетті түрде дәрігерге қаралу керек.
– Кез келген инфекция қандағы глюкоза деңгейін көтереді және сұйықтыққа қажеттілікті арттырады, сондықтан жеткілікті мөлшерде су бар екеніне көз жеткізіңіз. – Диабетке қарсы дәрі-дәрмектер жеткілікті болуы тиіс.
– Егер бірнеше апта бойы оқшаулану керек болса, қажетті заттарды түгендеңіз. Жалғыз тұратын болсаңыз, сізде қант диабеті бар екенін білетін адамды әзірлеңіз. Өйткені ауырып қалсаңыз, сізге көмек қажет болуы мүмкін.
– Дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділікке назар аудару керек, сол себепті, гликемиялық индексі төмен тағамдарды таңдап, қуырылған тағамдардан бас тартыңыз.
 – Қант, көмірсулар мен майларға бай тағамдарды шектеп, майы аз белоктарды (балық, ет, жұмыртқа, сүт, бұршақ) таңдаңыз;
– Жасыл жапырақты көкөністерді, жемістерді екі немесе үш порциямен жеу керек. Халықтың барлық топтарына кеңінен таратылатын кеңестер қант диабетімен ауыратындар мен олармен тығыз байланыстағы адамдар үшін өте маңызды, сол себепті: – Қолыңызды мұқият және үнемі жуыңыз; – Кез-келген заттарды тазартып, зарарсыздандырыңыз; – Жеке ыдыс-аяқ, көзілдірік, сүлгі және т.б. пайдаланыңыз;
 – жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды майлықпен немесе қолыңызбен жабыңыз;
– тыныс алу ауруы, жөтел және тұмау белгілері бар кез-келген адаммен байланыс жасамауға тырысыңыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<