Қызылордада коронавирус инфекциясына байланысты кейбір шектеу шаралары қайта енгізілуі мүмкін. Бұл жөнінде тиісті сала басшылары жергілікті жұртшылыққа ескерту жасады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов аймақта коронавирус жұқтырғандар саны алдыңғы 2 аптаға қарағанда 43 жағдайға өсіп кеткенін айтты. Қазір медицина мекемелерінде аталған диагноз қойылған 60 науқас ем алып жатыр. Оның 6-уы жансақтау бөлімінде жатыр. «Емделіп жатқан науқастардың 14 пайызы – зейнеткерлер. Аймақта карантин талаптары жеңілдеген екі апта ішінде бетперде саудасы 34 пайызға төмендеген. Егде азаматтардың үйден шығып, қайтыс болған туыстарына көңіл айту, кішігірім отбасылық тойларды атап өту секілді түрлі шараларға баруы жиілеген. Біз өңір тұрғындарын барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға және жауапкершілікке шақырамыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Жақсылық Абдусәметов соңғы апталарға шолу жасағанда созылмалы науқасы бар азаматтар көптеп тіркеліп жатқанына тоқталды. Алаңдатарлығы, жансақтау бөліміне түсетін науқастар саны артып кеткен. «Сондықтан жүрек ақауы, инсульт алғандар, қант диабетімен ауыратын егде азаматтар аса сақ болғаны дұрыс. Мәселен, ауырған бір науқаспен 10-12 азамат қарым-қатынаста болған деп есептелуде. Әрбір тұрғын қарым-қатынас аясын барынша шектегені дұрыс», – деді басқарма басшысы.
Облыстық тауарлар, қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары, аймақтың бас санитарлық дәрігері Әлия Әбдіқайымова бұдан бұрын халықтың әл-ауқатын арттыру, тыныс-тіршілігін жандандыру мақсатында карантин талаптары жеңілдетілгенін тілге тиек етті. Бірақ, соңғы уақытта індеттің таралуы әлі де болса азаматтардың жауапкершілікті сезінбейтінін көрсетіп отыр.
«Жағдай ушыға беретін болса, облыста кейбір шектеу шараларын қайта енгізуге мәжбүр боламыз. Аурумен күрес барлық азаматтың ортақ мүддесі болуы тиіс. Жастар арасында ауру белгісі білінбей кетуі ықтимал. Дегенмен олар тасымалдаушы болып шығуы мүмкін. Біз алдағы 14-20 күннің ішінде жағдайдың қалай өзгеретінін айта алмаймыз. Себебі қазіргі бейғамдық статистиканы мүлде басқа жаққа өзгертіп жіберуі ықтимал», – деді Ә. Әбдіқайымова.
Қазір Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 275 адам тіркелген.
Әділжан ҮМБЕТ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<