Криминалистика үлкен жауапкершілікті қажет етеді — қызылордалық полицей

368

0

Фото: ашық дереккөз

Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-криминалистка бөлімінің криминалисі Ерқанат Болатов ішкі істер саласында он жылдан астам уақыттан бері қызмет атқарып келеді. Соңғы жеті жылдан бері криминалистика саласында жұмыс жасайды, – дейді Қазақпарат.

1994 жылы 9 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген Ерқанат «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтында заңгер мамандығы бойынша білім алды. 

Алғашқы еңбек жолын 2014 жылы Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында бастаған. 

— Біздің отбасында полицияда еңбек еткен адам жоқ. Ал әкемнің досы сол салада жұмыс жасады. Ол кісі үйге келгенде әңгімесіне құлақ саламын. Кейіннен полиция жайында деректер жинауға мән бердім. Жоғары оқу орнында жүргенде бұл жөнінде көбірек білімімді толықтырдым. Келешекте осы сала маманы атануды алдыма мақсат етіп қойдым. Оқып жүргенде тиісті мекемелерге іс-тәжірибеден өтуге баратын едік. Сонда арнайы құралдармен жабдықталған чемоданды көзіміз жиі шалатын», — дейді Ерқанат.

Жас жігіт осылайша криминалистика саласының қыр-сырына қанығуға тырысты.Кейбір уақытта түйінді мәселенің тарқауын сол мамандар шешіп жататын еді. Осының барлығы оған ерекше әсер етті. — Полиция саласына қызметке келгенде де маған оңайға соққан жоқ. Патрульдік бекеттерде жүргенде криминалистиканың қыр-сырын бірте-бірте үйрене бастадым. Жедел тергеу тобының ісіне белсене араластым. Оған терең білімнің қажеттігін түсіндім. Бұл саладағы тәжірибелі мамандардан ақыл-кеңес алдым. Қылмыстық оқиға орнында әрбір айғақты сүзгіден өткізуге мән бердім. Криминалистер жұрттың барлығы біле бермейтін чемоданды арқалап жүреді. Олардың көбісі тұрмыста қолданыла бермейді. Мәселен, ғылыммен ұштасқан ұнтақты қылды қаламмен меңгеру үлкен жауапкершілікті талап етеді, — дейді ол.Ерқанат 2017 жылдың 5 шілдесінде Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-криминалистика бөлімінде еңбек жолын жалғастырды.Бөлімде аға криминалист қызметін атқаратын тәжірибелі мамандар оған ақыл-кеңесін айтты. — Рас, ерекше түсті кеудеше киіп маман ретінде чемодан асынып жүру маған бірден бұйыра қойған жоқ. «Қылмыс жасырынды айлаға құрылады, айланы әшкерелеу үшін амал керек, ал амалын табу үшін не керек» деді олар. Криминалистикаға қатысты көптеген кітаптарды оқуға кеңес берді. Олар мен үшін шешуі жоқ теңдеу секілді көрінді. Сол кітаптарды оқып шықтым. Өзіме қажетті көптеген мәліметтерге кезіктірдім. Криминалисттің үш қаруы бар. Алдымен адамгершілік болса, екіншісі — білім, үшіншісі — қызметіне деген адалдығы. Жүктелген зор міндеттің маңыздылығын түсінеміз», — деп әңгімесін толықтырды ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<