Криптовалюта неге сенімсіз валютаға айналды?

7919

0

Сурет ашық дереккөзден

Криптовалюта алғаш пайда болған кезде көп ұзамай биліктің ақшаға монополиясы, қаржы капиталының ықпалы жойылады деген болжам болды. Қазақстанның өзі ашық цифрлық майнинг саласында жетекші ойыншы болуға ниетті екені айтылған. Елімізде «Цифрлық активтер туралы» заң қабылданып, құқықтық база құрылды. Дегенмен бұл болжам жүзеге асқан жоқ. Айналымға енген соң лезде бүкіл әлемге танымал болған жоба мүлде басқаша қарқын алды. Ал цифрлық ақша алыпсатарлық объектісіне айналып шыға келді.

Биткоиндік соғыс нәтижесі

Бастапқыда криптовалюталар бір АҚШ долларынан да арзанға сатылғаны белгілі. 2015 жылға қарай биткоин кеңінен танымал болды. Ең ірі фирмалар оны қабылдай бастады. Бірақ өкінішке қарай, үміт ақталмады. Бүгінде биткоинді пайдалану алты жыл бұрынғыдан әлдеқайда төмен. Аударымдар қымбат және сенімсіз. Аударым жасау үшін кейде елу долларға дейін комиссия төлеп, апталап күту қажет.

Бір сөзбен, биткоиннің кәдімгі банктің онлайн транзакцияларынан артықшылығы аздау. Мұның себебі желінің технологиялық шегіне жетуімен түсіндіріліп жүр. Бірақ жекелеген сарапшылар ғана емес, Роджер Вер сияқты биткоин стартаптарының алғашқы инвесторларының өзі нақты себептің басқа екенін айтады. Жобаны әзірлеушілер пайда табу үшін оның әлеуетін әдейі шектеп отыр. Мұндай жағдай өздігінен болған жоқ. Оған кейін «биткоиндік азаматтық соғыс» деген атқа ие болған оқиғалар себеп болды. Бүгінде криптовалюта жол айырығында тұр. Жоба толығымен банктер мен реттеуші органдардың бақылауына өтеді немесе жалпы жұртшылық цифрлық ақша идеясынан бас тартады.

Кез келген валюта ерте ме, кеш пе, өзгесімен алмастырыла бастайтыны белгілі. Биткоинді жасап шығарған Сатоши Накамото оны ең төменгі комиссиямен күнделікті қолдануға арналған ақша ретінде ойластырған. Биткоин транзакциялары барлық қатысушылар үшін ашық және Орталық банктің немесе басқа қаржы институтының рұқсатын талап етпейді. Бұл оларды тәуелсіз етеді. Криптоәмияндар арасындағы аударымдарды кез келген уақытта бақылай аласыз. Осылайша, цифрлық ақша барлығына қолжетімді болуы керек еді. Оның басты артықшылығы да банкирлерге ғана емес, барлығына қолжетімділігі болатын.

Он жыл бұрын криптовалютаға қатысты бұл қағида барлығына түсінікті болды. Кейінгі жылдары жағдай өзгерді. Жоба әзірлеушілері жұртшылықты биткоиндарын жұмсамай, көптеп жинап, құнының өсуін күтуге шақыра бастады. Бірақ цифрлық ақшаның ойдан шығарылған құндылығы емес, нақты пайдасы болуы керек. Ал кез келген ақшаның құндылығы – айырбасты қамтамасыз етуінде.

Комиссиясы көп валюта

Биткоин блокчейн технологиясына негізделген. Блокчейн – цифрлық транзакцияларды жазуға арналған арнайы құрылым. Деректерін, яғни блоктарды және олардың мазмұнын иесі рұқсат етсе, кез келген адам көре алады. Демек блокчейн желісінің пайдаланушысына оның деректерін растайтын нотариус, тіркеуші, аудитор, сақтандыру агенті, бақылаушылар сияқты делдалдар қажет болмайды. Блокчейннің негізгі техникалық параметрі – блок өлшемі. Әрбір блок толған кезде транзакциялар қымбаттайды. Қазіргі уақытта бір блок 2-3 мың транзакцияны қабылдай алады және ол әр он минут сайын жасалады. Егер 150 мың адам бір уақытта биткоинді пайдалануға шешім қабылданса, ол елу блокты қажет етеді. Сәйкесінше, аударымды сегіз сағат күтуге тура келеді.

Мәселе мұнымен де бітпейді. Себебі транзакция бағасы да өседі. Бірақ пайдаланушы әдеттегіден көп төлесе, аударым жылдам жасалатынына да кепілдік жоқ. Басқа біреу сізден артық төлеуі мүмкін. Сондықтан транзакция бағасы кейде тіпті шарықтап кетеді. Күрделі транзакцияларының әрқайсысы үшін мың доллардан астам комиссия төлейтіндер де бар. Әрине, миллиондаған қаржыны аудару кезінде мұндай комиссия көп болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ, айталық, кофе сатып алу үшін цифрлық ақшаны пайдаланатындарға бұл өте көп сома.

Ауадан ақша жасауды ғана ойлайды

Сатоши Накамото 2010 жылы блок өлшемінің шегін енгізген. Ол кезде әрбір блоктың өлшемі бір мегабайт болды. Бірақ әзірлеушілер блоктың нақты өлшемін осы уақытқа дейін айтарлықтай арттыра алмауда. Небәрі төрт мегабайтқа дейін ұлғайтты. Криптовалютаның негізгі қолдаушыларының бірі, кәсіпкер Роджер Вер осы тақырыпқа арнап жазған кітабында мұның шын мәнінде алаяқтық екенін айтқан. Жобаны жасаушылар үшін блок өлшемін арттыру тиімсіз. Оларға транзакцияның қымбат болғаны ғана керек. Майнерлер осы блоктар мен транзакциялардан пайда табады.

Криптовалюта жақтаушылары осы мәселелердің барлығын жедел транзакцияларға мүмкіндік беретін Lightning Network төлем хаттамасы арқылы шешуді ұсынады. Ол үшін цифрлық ақшасы барлар бір компанияда депозитарлық әмиян ашып, ақшаны сақтауға беруі тиіс, яғни желі спицтері бар дөңгелекке ұқсай бастайды. Орталық хаб өз клиенттерінің мәселелерін өздері шешетін ірі компаниялар тобы болады. Мұндай құрылым веерлік желі деп аталады.

Алайда биткоиннің масштабтану мәселесін осылай орталықтандыру арқылы шешуге қарсылар көп. Себебі ол кезде цифрлық ақшаның «PayPal» сияқты кәдімгі электронды төлем жүйелерінен айырмашылығы қалмайды. Себебі нақты компания жұмысы тоқтап қалуы немесе оған билік қысым көрсетуі мүмкін. Ал веерлік желі қатысушыларының біреуі өшірілсе, бүкіл желіде проблемалар туындайды.

Қорыта айтқанда, биткоин – қазіргі уақытта төлем арналары шағын, негізсіз күрделі жүйе. Бірнеше жылдың ішінде ол әлемдегі ең жақсы төлем жүйесінен баяу, қымбат және сенімсіз нәрсеге айналып отыр.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<