ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда бес бастаманың төртіншісі «Шағын несие беруді көбейту» мәселесі қаралды. Кеңес отырысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Кәрібай Мұсырман, Нұрлан Дулатбеков, Бақтияр Мәкен қатысты.
Мемлекет басышысының жеңілдетілген шағын несие беру бастамасы халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған, сондай-ақ жұмыссыз азаматтарды, соның ішінде ауыл тұрғындарын жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандырудағы мықты құрал екенін көрсетіп қана қоймай, халық арасында кең қолдауға ие болды. Өңірде 2018-2020 жылдар жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы болып жарияланып, осы орайда әзірленген кешенді жоспар алғашқы нәтижесін беруде. Жаппай кәсіпкелікті дамытудағы жемісті жұмыстарды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов баяндап өтті.
– Өткен жылы біздің облысымыз «Бизнесті жүргізудің жеңілдігі рейтингісі» бойынша республикада көш бастады. Атап айтқанда, рейтинг жүргізілген 197 елді мекеннің қатарына біздің өңірден 4 аудан және Қызылорда қаласы енді. Сондай-ақ, аймақта жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 13,1 процент өсімі бойынша да біздің өңір республикада алғашқы орында болды. Жалпы, өткен жылдың қорытындысымен жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көлемі тіркелгендерімен салыстырғанда 74,9 проценттен 82,9 процентке өсті,-деді Ғалымбек Жақсылықов.
Мұнан өзге, өткен жылы өңірде кәсіпкерлік салада жұмыс жасайтын азаматтардың саны 10,6 процентке, шығарылған тауар көлемі – 15 процентке өскен. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды және шағын кәсіпкерлік субъектілерін шағын несиемен қамту үшін әр түрлі көздерден 4,6 млрд.теңге қаржы бөлінген. Оның 1 млрд.теңгесі «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы кәсіпкерлерді қаржыландыру үшін облыстық бюджеттен қаралған.
Кеңес отырысында сала мамандары осы бағытта қолға алынған жұмыстарды да хабардар етті. Мәселен, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Бақытжан Намаевтың айтуынша, биылғы жылға облыс кәсіпкерлерін шағын несиелендіру бағытына республикалық бюджеттен 3,5 млрд. теңге қаралған. Сондай-ақ, өңірлік инвестициялық орталыққа 1 млрд. теңге, оның ішінде облыстық облыстық бюджеттен 500 млн. теңге және Аграрлық несие корпорациясынан 500 млн. теңге бөлінген. Осы қаражаттар аясында жыл көлемінде кемінде 500 шағын несие тарату жоспарлануда,- дейді басқарма басшысы.
Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес экономиканың басым бағытын несиелендіруді кеңейту мақсатында 600 млрд.теңге қаржы да қарастырылып отыр. Бұл бастаманың «Бизнестің жол картасы» бағдарламасынан ерекшелігі ірі кәсіпкерлік субъектілері де қатыса алады. Осы орайда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов өңірге бөлінетін қаржының үлесін арттыру мақсатында тез арада екінші деңгейлі банктермен бірге кәсіпкерлерге несие алуға көмек көрсету үшін жұмыс тобын құру туралы ұсынысы қолдау тапты.
Жиын барысында сондай-ақ, бизнеске әкімшілік кедергілерді азайту, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін трансферттермен келетін қаражат көлемінің аздығы,жастардың бизнес-жобаларына басымдық беру секілді мәселелер де жан-жақты қаралды.
СБ ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<