2 сәуір – халықаралық балалар кітабы күні. 1967 жылдан бастап әлем елдері кішкентай оқырмандардың сүйікті жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орай бұл күнді осылай белгілеген. Атаулы күні А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде қалалық мектеп оқушылары арасында байқау ұйымдастырылды.
«Ұлылардан ұлағат» атты сайыс Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын насихаттауға бағытталған. Бес топтан тұратын сайыс қатысушылары «Ұлы дала тұлғасы» кезеңінде ұлттың тарихи тұлғалары туралы сахналық қойылым қойып, келесі кезеңде батырлар жырын айтудан жарысты.
Кітап баланың қиялын ұшқыр, зейінін зерек ететіні белгілі. Жиында кітапханашы Райкүл Сейдахметова қазіргі оқушылар шытырман оқиғалы шығармаларды ұнататынын айтты. Дамыған елдердегі өнертапқыш-генийлердің оқуға кеңес беретін кітаптары ғылыми-фантастикалық бағытта екенін ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш. Себебі, фантастика оқып өскен бала үшін мүмкін емес дүние жоқ, тіпті қытайлық ғалымдар жаңа технология ойлап таппаудың, тек көшірме жасаудың себебі баланың фантастика оқымауынан екенін дәлелдеген.
Ұлы даланың батырлары мен айтулы тұлғаларына баса мән берілген байқауда І орынды №235 мектеп алса, ІІ және ІІІ орынды №112, №187 мектеп оқушылары иеленді. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған байқауға «ПетроҚазақстан Кұмкөл Ресорсиз» АҚ, «Торғай Петролеум» АҚ компаниялары демеушілік жасаған.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<