Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл – оның өз қасіреті, ал миллиондаған адам кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» деген. Иә, елге танымал азаматтардың, қоғам қайраткерлерінің төріндегі шкаф сөрелері кітапқа толы. Себебі, сол кездегі аға буынның асыл дүниесі – жинаған кітабы болды. Қуантарлығы, қазір де бұл үрдіс жалғасын тауып келеді. Кітапсүйер жастардың шоғыры қалың. Бұған біз аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен өткен облыстық байқауда көз жеткіздік.
«Кітап оқып, рухани бай бол!» тақырыбымен өткен сайысқа мектеп мұғалімдері мен студенттер, оқушылар да қатысты. Олар сүйікті жазушыларының шығармаларынан үзінді оқыды. Екінші бөлімде сұрақтарға жауап беріп, білімін көрсетті. Сайыскерлерге Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Мария Орманова мен аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіқалықова төрелік етті. Қазылар алқасына шын мықтыны анықтау қиынға соқты.
Әрі қарай марапат төріне Қазалы ауданындағы №90 орта мектептің оқушысы Зарина Алданазар шақырылды. Небәрі 2-сыныпта оқитын Зарина сайыста жүлделі І орынды иеленді. «Артық білім кітапта» деп білетін жас болашақта әдебиетке жаңа леп әкелуді армандайды екен. Ол – «оқуға уақыт жоқ» деп сылтаурататын кей жастарға үлгі. Кітапты жолсерік етуді ұмытпайық!
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<