Ауылда жүріп-ақ Сыр елі мәдениетінің, әсіресе, күй өнерінің дамуына үлкен үлес қоса білген талант иелерінің бірі – «Тұрсынбай датқа» ауылдық клуб меңгершісі Батырхан Маханов.
Шымкент музыкалық училищесін көркемөнер оркестрінің жетекшісі және оқытушысы мамандығы, Қызылорда «Сейхун» академиясын «Музыкалық білім» бакалавры бойынша бітірген талантты күйші талай өнер бәсекелерінде топ жарған.
1996 жылы термеші-жыршылар мен күйшілердің облыстық байқауында 1-орын, осы жылы Алматы қаласында күйшілердің республикалық байқауында бас жүлде, 2014 жылы «Әуезді күйдің құдіреті» атты облыстық күйшілер байқауында 1-орын, 2015 жылы аудандық өнерлі отбасылар сайысында бас жүлде иеленген.
Сәрсенбі күні Шиелі аудандық «Арман» мәдениет үйінде күйші-композитор, мәдениет және өнер саласының үздігі, ұлағатты ұстаз Батырхан Махановтың «Байлығы саз, көңілі жаз» атты шығармашылық кеші болып өтті.
Шығармашылық кеш шымылдығы Кенжебай Жүсіптің арнауымен ашылды. Мұнан соң күйшінің мектептегі ұстазы Тұрған Шаттыбаева, аудандық мәдениет үйінің директоры Зүлфия Құрманәліқызы, аудандық балалар әуез мектебінің директоры Нариман Мизамбаев, «Қоғалы» ауылдық округінің бас маманы Зұлхарнай Базарбаев, «Майлытоғай» ауылдық әкімдігінің өкілі Ақкенже Исабекова, ақын досы Дүйсенбек Аяшұлы, ақын Талғат Күзембаев, басқа да кісілер ақ тілектерін білдіріп, сый-сыяпат жасады.
Композитордың бірнеше әнін күйшінің ұлы Өмірсерік Батырханұлы мен Гүлназ Маханбетова, Бағдат Тойманов, Гүлсім Тұрсынбек, Елдос Сейілов, Меруерт Дүйсебай, Сәбит Әбжапбаров секілді өнерпаздар орындады. Ал көпшілік көркем нақышты күйлерді автордың өз орындауында тыңдап, қошемет көрсетті.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<