Күйшілер аллеясы ашылды

1642

0

Елордада салтанатты түрде күйшілер аллеясы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа аллея Абылайхан даңғылы мен Күйші Дина көшесінің қиылысында, Алматы ауданының аумағында орналасқан.

Жиналғандар әуелі «Күй анасы» атанған Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, күйшіге құрмет көрсетті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші ұстаз Орынбай Дүйсен мен Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы«Күйшілер аллеясының» лентасын салтанатты түрде қиды.

«Ұлтымыздың күй өнерінің саңлақтарына арнайы аллея ашылғалы тұр. Бұл ұлы дала өркениетіне, қазақтың рухани кемелдігіне қойылған ескерткіш деп бағалауға да болады. Күйдің атауынан-ақ қай заманның зары мен мұңы, қуанышы екенің бірден аңғаруға болады. Қазақ тарихында Қорқыт баба, Кетбұға, Сарысалтан Асанқайғы мен Қазтуған сияқты ұлы күйшілердің ұлы мұрасы халық санасынан өшкен жоқ. Қазақ күйшілері мен композиторлардың аты гранит тасқа қашалып жазылуы баяғы көктүріктердің заманын еске түсіреді. Күлтегін мен Білге қаған жазулары тасқа қашалып күні бүгінге дейін жетті. Көктүріктердің бітік тасқа жазған аманаты қайта жалғасын тапқандай. Халық жадынан шықпайтын 101 адамның есімі тасқа ғана емес, ұлтының жүрегінде жазылды деп қарауымыз керек», – деді жиында сөз алған «Күй анасы» республикалық қоры жанындағы ақсақалдар алқасының мүшесі Уәлихан Қалижан.

Аллеяның кіреберісіне, ортасына – қазақ халқының шаңырағы, екі жағына – инсталляциялық үлгіде мыстан қүйылып жасалған домбыра мен қобыз орнатылған.

Сонымен бірге, Алматы облысы Қордай елді мекенінен жеткізілген, көлемі 3х2 метрлік мәрмәр тасқа өнерімен кеңінен танымал 101 күйшінің аты қашалып жазылды.

Қазақстанның мәдениет қайраткері, дирижер, композитор Нұрлан Бекеновтың жетекшілігіменелуге жуық жас күйшіден құралған ұлттық аспаптар оркестрі, «Арқа әуендері» ұлттық ансамблі сол жерде күй ойнап, келушілердің көңілінен шыға білді,

Белгі тасты жасаған мүсінші Жалын Баурқан, ал идея авторы – профессор Төлеген Қуанышев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<