Жүйелі іс жандануы тиіс

700

0

Қаңтар оқиғасы барлық саладағы тұрақтылықты одан әрі нығайту, оның ішінде, діни бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін дәлелдеді. Мемлекет басшысы елдегі орын алған жағдайға өзінің нақты бағасын беріп, діни экстремизмге қарсы күресте жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыруды тапсырды.

Осы ретте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға дін істері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов атқарған жұмыстарды баяндады. Қазіргі таңда Қызылорда облысындағы діни ахуал тұрақты. Облыста 7 конфессияға кіретін 189 діни ұйым тіркелген, оның 11-і жергілікті діни бірлестік және 178 бөлімшесі бар.

Басқарма басшысының айтуынша, түсіндірме жүргізу, теріс сипаттағы ақпараттарға тосқауыл қою ісінде нақты нәтижелер бар. Мәселен, өткен жылы 9 ақпараттық-түсіндірме тобы тұрғындар арасында түрлі форматтағы 1625 іс-шара өткізіп, 20 мыңға жуық адам қамтылған. Ал, деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеу мақсатында әлеуметтік желілер мен сайттар, парақшаларға жүргізілген мониторинг барысында күмәнді деп танылған 30 сілтемеге теріс қорытынды беріліп, бұғатталды.

Сондай-ақ, ақпараттық жүйе арқылы тыйым салынған әлеуметтік желідегі 580 топқа тіркелген 12740 азаматтың тең жартысы топтан шығарылған. Мұнан бөлек, құзырлы мекемелердің бірлескен жұмысы нәтижесінде 5 мектеп бітіруші түлектің күмәнді діни білім беретін шетелдік оқу орнына баруының жолы кесілді.

Қ.Жанұзақов жат ағымның жетегінде кеткен азаматтарды адрестік оңалту жұмыстарында қолданылатын әдіс-тәсілдерді жаңа бағытта дамыту өзекті екенін алға тартып, Алматы, Атырау облысындағы басқармалармен тәжірибе алмасу жұмыстарын бастауға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

 Өңір басшысы «қасіретті қаңтар» оқиғасынан сабақ алып, елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтауда ең алдымен рухани және қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту өзекті екенін және осы бағытқа жетелейтін іс-шараларды жүйелі жүргізу керек екенін еске салды. Бұл ретте барлық қоғамдық-саяси күш бір мақсатқа бірігуі қажет. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<