Фото: ашық дереккөз
Атырауда қаңтар айында күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы қымбаттаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, биылғы қаңтарда өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда, азық-түлік тауарларының бағасы 1,1%, ал азық-түлік емес тауарлар 0,8%, ақылы қызметтер 0,1% жоғарылаған.
«Өткен айда жоғары сұрыпты бидай үшін орташа баға өсімі 6,1% болды. Ал, жемістер мен көкөністер – 3,2, күріш – 2,9, жұмыртқа – 2,5, жармалар – 1,9, макарон өнімдері – 1,4, май және тоң май – 1,2%-ға қымбаттады. Сүт – 0,8, кондитерлік тағамдар мен ет – 0,5, балық және теңіз өнімдері – 0,4, алкогольді ішімдіктер – 0,3, темекі бағасы 0,2%-ға өсті», – деп хабарлады статистика департаментінің мамандары.
Биылғы қаңтарда өзге де тауарлардың бағасы қымбаттағаны байқалып отыр. Мәселен, жуғыш және тазалағыш құралдары – 1,4, жеке қолданатын тауарлар – 1,3, киім және аяқкиім түрлері – 0,8, фармацевтикалық өнімдер бағасы – 0,6% өскен. Сондай-ақ, жолаушылар көлігінің қызметі – 1,3%, амбулаториялық қызмет құны – 0,4%-ға өскен.
Ал, салқын суды тұтыну тарифі 3,8% төмендеген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда азық-түлік бағасының өсуіне делдалдар себеп болғанын хабарлаған едік. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтің мәліметінше, дүкендерге әлеуметтік маңызы бар сары май, тауық еті және сүт өнімдерін жеткізетін делдалдар үстеме бағаны 15%-дан асырғаны анықталған. Мәселен, кейбір кәсіпкерлер сары майға 82% үстеме баға қосып, супермаркет желілеріне сатқан. Былтырғы қараша-желтоқсан айларында тұз бағасы күрт өскен. Шетелден және басқа өңірлерден тасымалдауға байланысты логистикалық шығындар есебінен тұз бағасы 60 теңгеден 76 теңгеге дейін жеткен.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<