Күрделі оқиғаларға баға беруде барынша байыптылық керек

458

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға сапарында Президент Шавкат Мирзиёевпен кездесті.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне ерекше мән беретінін жеткізіп, аталған жиын аймақ елдерінің Еуропа Одағымен диалогын ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Президенттер Алматыдағы бейресми кездесудің нәтижелі өткеніне назар аударды. Сондай-ақ оның қазақ-өзбек қатынастарын тағы бір пысықтап, бірлескен жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік бергеніне тоқталды.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, екіжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша өзара тиімді серіктестік аясын кеңейту ниетін растады.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитіне қатысып, сөз сөйледі.

Ерекше қонақжайлық көрсеткен және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты. Сонымен қатар көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға әрдайым ниет танытқаны үшін Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштаға, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенге және Орталық Азия елдерінің басшыларына шынайы ризашылығын білдірді.

Қазақстан Президенті геосаяси дүрбелеңдер мен жаһандық сын-қатерлер белең алған кезеңде Орталық Азия мен Еуропа Одағы арасындағы ықпалдастықтың өзектілігі арта түскеніне назар аударып, келешектегі күн тәртібіне қатысты өз ойын ортаға салды.

Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық компанияларды осындай жаңа жобаларды қаржыландыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды. Энергетика саласын ынтымақтастықтың аса маңызды бағыты ретінде атады.

Бүгінде Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элементтер бар. Сонымен қатар еліміз Еуропалық қайта құру және даму банкімен арадағы келісім бойынша геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларды іске асырып, кен игерудің озық тәжірибесін енгізіп жатыр. Бұл ретте Президент Астанада Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды. Аталған ғылыми мекеме кәсіпорындар мен инвесторларды игеруге болатын кеніштер, технологиялардың дамуы туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы Орталық Азияның Шығыс пен Батыс арасында тиімді жеткізу тізбегі қалыптасқан транзит торабына айналуға мүмкіндігі бар деп санайды.

Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 миллион тоннаны құраған. 2027 жылға қарай жүк көлемін он миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағының Орталық Азия өңіріндегі орнықты көлік байланысының дамуына оң септігін тигізіп отырған Global Gateway стратегиясына қолдау білдірді.

Қазақстан декарбонизация бастамаларын белсенді жүзеге асырып келеді. Президент еліміздің әлемдегі ядролық отынның 40 пайызға жуығын қамтамасыз ету арқылы таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқаратынын айтты. Өткен жылы Қазақстанда Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша Жобалық кеңсе ашылды.

Мемлекет басшысы цифрлық технология мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша тоқталды. Еуропа Одағы еліміздің ғылым және білім саласындағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. Орнықты дамудың басты кепілі саналатын халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызына тоқталды. Жаһандық тұрақсыздық шиеленісе түскен кезеңде әлемдегі күрделі оқиғаларға баға беруде барынша байыптылық танытып, жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға қатысты келіссөз процесіне қолдау білдірді.

– Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз. Мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталықты құру туралы қарарды бірауыздан қабылдағанын айтып, жиын қатысушыларына Қазақстанның бастамасын қолдағанына ризашылық білдірді. Оның пікірінше, Орталық Ұйымның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін ілгерілетуге, өңірдегі өзекті әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосады.

Саммитте сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо сөз сөйледі.

Одан кейін Мемлекет басшысы «Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия» халықаралық конференциясына қатысты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<