Сондай-ақ, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ы.Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институтының қызметімен танысты.
Айта кетейік, сәрсенбі күні Қармақшы ауданында өткен «Дала күні» семинар-кеңесінде аймақ басшысы күріш өсірушілердің өзекті мәселелерін министрге баяндаған болатын.
Облыс басшысы министрге күріш өнімділігін арттырудың бірден-бір жолы – агротехнологияларды сақтаумен қатар, сапалы тұқыммен қамтамасыз ету екендігін айтып, институт жұмысын жандандыруға қатысты ойларын бөлісті. Бүгінде аймақта егілетін күріштің небәрі 3 пайызы ғана – отандық сорттар. Өкінішке қарай, Қазақстандағы жалғыз күріш институты жаңа, бәсекеге қабілетті сорттар шығаруға қауқарсыз. Оның негізгі себебі – институттың қаржылық және материалдық-техникалық жағдайының төмендігі. Аграрлық ғылымды реформалау шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі күріш ғылыми-зерттеу институтының жарғылық үлесін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне беруді жоспарлауда.
– Біздің ойымызша, бұл университеттің ғылыми-зерттеу институтын жеткілікті қаржыландыруға мүмкіндігі болмайды. Құрметті Айдарбек Сейпілұлы, министрлік әзірлейтін тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына күріш тұқымы мәселесін қосуды және қолдауыңызды сұраймын, – деп атап өтті Нұрлыбек Машбекұлы.
Мекеме жұмысымен танысу барысында министр аталған мәселелердің мән-жайын зерделеп, алдағы уақытта шешімі қарастырылатынын жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<