Күріш өсірудің озық тәжірибесін таныстырды

365

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерімен кездесуде болжамды су көлеміне сәйкестендіріп егін егу мәселесі талқыланды.

«Облыстың ірі шаруашылықтары ауыспалы егіс тәртібін сақтаудың, атыздарды лазерлік тегістеудің суды үнемдеудегі, өнімділікті көтерудегі тиімділігіне көз жеткізуде.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында көрші елдердің тәжірибесін зерттеп, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырған болатын. Күріш алқабындағы суды үнемдеудің бірден-бір жолы – атыздарды лазерлік тегістеу. Өзбекстан Республикасында ЮНЕСКО-ның «ZEF/UNESCO» жобасы шеңберінде іске асқан ғылыми зерттеулерге талдау жүргізілді. Нәтижесінде суармалы суды 20 пайызға дейін үнемдеуге және өнімділікті 30 пайызға дейін арттыруға болатыны дәлелденді. Бұл әдісті аймағымыздың диқандары 2013 жылдан бері инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы күріш егістігінің 55 пайызына енгізді. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастырамыз», – деді аймақ басшысы.

Нұрлыбек Машбекұлы ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен лазерлік тегістеу әдісін су үнемдеу технологияларының қатарына қосу жөніндегі ұсынысты қолдауды сұрады.

Жиында бірқатар компания басшылары суды үнемдеп пайдалану бағытындағы тәжірибелерін баяндап, зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Кездесу қорытындысымен облыс әкімі жауапты мекемелерге бірқатар тапсырма беріп, жергілікті шаруашылық иелерін суды ысырапсыз пайдалануға шақырды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<