ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысы қаралды. Жиынға Ауыл шаруашылығы, Энергетика министрліктері қатысып, өңір әкімдіктері мен агробизнес өкілдері онлайн байланыс арқылы қосылды.
Биыл облыста 189 400 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ерте пісетіндері толық жиналып, қазір малазықтық, майлы дақылдар мен көкөніс, бақша өнімдері алынуда.
Өткен жылы 193 400 гектар егістіктің 89 мың гектарына күріш егілген болатын. Биылғы күріш егісінің көлемі 85 641 гектар, оның 47 400 гектары (55%) орылып, 39500 гектары (46%) бастырылды, 203300 тонна өнім жиналды.
Орташа өнім гектарына 51,5 центнерден келуде, былтыр 47,9 центнер болған еді. Егін жинау қазанның бірінші онкүндігінде толық аяқталады.
Науқанға толық жөндеуден өткен 4440 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, 8100 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Жанар-жағармайды жеткізуші жергілікті операторлармен келісім жасалып, жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде. Сыйымдылығы 551 мың тонналық 216 сақтау қоймасына алдын ала дератизация жасалды. Қазір осы сақтау қоймалары жаңа орылған астықты қабылдауда.
Жиында «Таң ЛТД» ЖШС басшысы, Қазақстанның Еңбек ері Имамзада Шағыртаев мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғыс білдіріп, атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді және ұсыныстарын жеткізді.
– Биыл біздің серіктестік тамшылатып суару әдісімен 800 гектарға жүгері екті, келер жылы оның көлемін 3 мың гектарға жеткізеді. Суды үнемдеу үшін егістік жерімізді 100 пайыз лазермен тегістедік. Бұл суармалы суды 30 пайыз үнемдеуге мүмкіндік берді. Осы ретте су үнемдеу технологиясының жабдықтарын «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы жеңілдетілген лизингпен беру мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Бұл жаңа технологиямен егілетін егін көлемін ұлғайтуға оң септігін тигізері сөзсіз, – деді Имамзада Қуанышбайұлы.
Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте жауапты тұлғаларға өнімді шығынсыз жинап алу, барлық талапқа сай етіп сақтау тапсырылды. Ауа райы қолайлы кезде егін жинау жұмыстары қарқын алып, уақытылы аяқталуы тиіс.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<