Күріштің мәселесі күрмектен көп

595

0

Ашық дереккөзден

Осы жылдың 5 қыркүйегінде Сенаттың пленарлық отырысында сенаторлар Руслан Рүстемов пен Наурызбай Байқадамов ҚР Премьер-министрінің атына Қызылорда облысының аумағында егін шаруашылығын тұрақты дамыту және осы саладағы проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар ұсынымдар қамтылған депутаттық сауал жолдаған болатын.

Депутаттық сауалға Премьер-министрдің атынан келген жауап хаттың толық мәтіні оқырмандар назарына ұсынылып отыр.

«Құрметті депутаттар!

Сіздердің Арал өңірі аймағындағы егін шаруашылығы мәселелеріне қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.

Арал өңірі аймағында егін шаруашылығын тұрақты дамыту үшін Күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мемлекеттік инвестициялық жобасын қолдауға және институтты ғылыми кадрлармен қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан қаражат бөлуге қатысты: 2024 жылғы 30 мамырда Үкімет Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды  бекітті. Аталған кешенді жоспарды іске асыру бойынша Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық базасын жабдықтау бойынша 2025-2028 жылдарға 4,15 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік инвестициялық жобаны Ұлттық экономика министрлігі мақұлдады. Қаржы-экономикалық негіздеме әзірленіп, Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығына келісуге жолданды. ҚМЖӘ ҚЭН-ді келіскеннен кейін жоба республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығарылатын болады.

Қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттаманың ғылыми-техникалық жобасына немесе бағдарламасына Арал өңірінің суармалы егіншілігі жағдайында су тапшылығына бейімделген күріштің және басқа әртараптандыру дақылдарының жаңа сорттарын шығару мәселелерін қосуға қатысты: Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес ғылыми қызмет мемлекеттік бюджеттен базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады.

Министрлік ауыл шаруашылығы саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді БНҚ бюджеттік бағдарламасын тек конкурстық негізде әкімшілендіруді жүзеге асырады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің БНҚ аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын қарастыру бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдау 2024 жылғы 22 мамырға дейін жүргізілді және ҒЖБМ-ге қарасты Ұлттық ғылыми кеңестің шешімімен бекітілді.

Осыған байланысты күріштің және басқа әртараптандыру дақылдарының жаңа сорттарын шығаруға қатысты ғылыми-техникалық жобаны немесе бағдарламаны ғылыми зерттеулер тізбесіне қосу бойынша ұсыныстарыңыз 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламаны қалыптастыру кезінде ескерілетін болады.

Сыр өңірінде су тапшылығының күшеюі жағдайында ауыспалы егістік аумағында қайта тұздану процесінің алдын алу мақсатында ғылыми-зерттеу институттарының бірлескен кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне қатысты:

2024-2026 жылдарға арналған БНҚ аясында ғылыми-техникалық тапсырмалардың қалыптасқан тізбесінде «Ауыл шаруашылығының қарқынды жүйелеріндегі топырақ-агроэкологиялық мониторинг және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құнарлылығын сақтау және өсімін молайту жөніндегі іс-шараларды әзірлеу» тақырыбында зерттеу көзделген. Оның шеңберінде қайта тұздануға қарсы күрес жөнінде зерттеулер мен шаралар әзірлеу жүргізілетін болады.

Қызылорда облысында күріш жалпы егіс алқаптарының 41,7 %-ын алады. Аталған алқаптар фермерлерде сапалы тұқымдардың, өсімдіктерді қорғау құралдарының және басқа да агротехнологиялардың болмауы себептерінен тұрақты су басу әдісімен егілген. Сонымен қатар суды тұтынуды азайту мақсатында күріш өндірісінде механикаландырылған суару (бүрку, тамшылатып суару) кеңінен енгізілетін болады, бұл өнімділік пен сапаға, ауыспалы егіске және топырақ құнарлығының жоғарылауына нұқсан келтірмейді.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында салынған инвестициялардың 80%-на дейін инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көзделген. Сондай-ақ жердің қайта сортаңдануын болдырмау мақсатында су сыйымдылығы аз және сортаңдануға төзімді егістік жерлердің үлесін ұлғайта отырып, ғылыми негізделген ауыспалы егісті енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Сыр өңірінде жерасты суларын егін шаруашылығына пайдалану мүмкіндіктерін зерделеп, шаруалар үшін ғылыми негізделген ұсынымдарды әзірлеп, жедел қабылдауға қатысты:

Осы мәселені зерделеу және тиісті ұсыныстарды әзірлеу шеңберінде «Интенсивті ауыл шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы» бағыты бойынша топырақтың құнарлығы мен тұрақты өнімділігін арттыруға ықпал ететін интенсивті егіншілік жүйесінде (жерасты сулары) ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету бойынша ғылыми-техникалық жоба (бағдарлама) көзделген.

Жалпы ауыл шаруашылығын жүргізуді кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарымен сүйемелдеу мәселелері Үкіметтің бақылауында» делінген жауап хатта.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<