Күріштің төрттен бірі сырдариялықтар үлесінде

123

0

Егінші қауымның шешуші науқаны басталды. Сырдария ауданында «Ақжарма-2» шаруа қожалығында егінге орақ түсті. Дәстүрге сай өткізілетін  рәсімге аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов және еңбек ардагерлері қатысып, игі тілектерін білдірді.

Аудан әкімі атап өткендей, кейінгі жылдардағы су тапшылығы диқандарға оңай тиген жоқ. Әйтсе де Президенттің пәрменімен, Үкімет басшысы және облыс әкімінің қолдауымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен дер кезінде келіссөз жүргізіліп, егіншінің еңбегі еш кетпеу үшін үлкен қолдау жасалды. Нәтижесінде биыл егінге лайықты су келді.

– Аграрлы ауданымыз егін саласы бойынша жоғары белестен көрінуде. Биыл 32273 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде күріштің көлемі 21872 гектарды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде су үнемдеу және суды тиімді пайдалану мақсатында аудан бойынша 13 шаруашылық 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3340 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жаңбырлатып суару әдісімен 40 гектар жерге күнбағыс, 10 гектар жерге жүгері, 50 гектарға бақша дақылдары егілді, – деді аудан басшысы.

Шаруашылық төрағасы Марат Бисенов салаға көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдіріп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылып жатқан демеушілік жұмыстарға тоқталды.

Бұл шаруашылықта биыл 1000 гектарға күріш, 68 гектарға бидай егіліп, 245 гектар ескі жоңышқа күтімге алған. Егіндік басында еңбек ардагерлері ақ батасын беріп, егінге алғашқы орақ түсті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі келтіргендей, осы жылдың 7 айында ауданда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 38,2 млрд теңгені құрап, 2,8 пайызға артқан. Аймақ басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл қосымша 420 гектар жер ашылып, 774 адам әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егіп, нәтижесін көруде. Биыл егін жинау науқанына ауданда 990 техника қатысады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<