Күш біріксе, көш іркілмейді

438

0

Газетіміздің өткен санында хабарланғанындай, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың батыс аудандарға жұмыс сапары Қармақшы өңірінде жалғасты. Алдымен аймақ басшысы Байқоңыр қаласына аялдады. Ондағы 50 пәтерлік 5 көпқабатты тұрғын үй құрылысын көріп, мердігерлерге өздеріне бекітілген нысанды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.

Сапар Жосалы ауылдық округінде жалғасты. Төребай би ауылының тұрғындарымен кездесуде елдегі ақсақалдар бірқатар маңызды мәселені ортаға салды. Ауыл халқы бақша өнімдерін егумен айналысатындықтан, су мәселесі аса өзекті. Облыс басшысы биылғы су деңгейінің төмен түсуіне байланысты ауыл азаматтарымен бірге әрбір мәселені пысықтап алу қажет екенін жеткізді.

Елді мекендерді аралау барысында су тапшылығына байланысты егін және мал басын аман сақтау мәселесі көбірек айтылған еді. Осыған байланысты облыс әкімі Арал және Қазалы ауданында шаруалармен кездесіп, арнайы жиын өткізген болатын. Мұндай өзекті мәселеге қатысты жиын Қармақшы ауданында да болды.

Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов былтыр егінге қажетті судың тапшылығына байланысты «Батыс Қармақшы» қашыртқысынан «Құрайлы» каналының П309 пикетіне қосымша су жеткізу үшін ұзындығы 11 шақырымды құрайтын канал қазылғанын айтты. Сондай-ақ, сала мамандары биылғы су түсіміне байланысты болжамды баяндап, күріштік алқаптың көлемін қысқарту және каналдарды тазарту, насос қондырғысын орнату ісі таяу арада басталатынын жеткізді. Бұған қосымша бірнеше шаруа қожалықтарының иелері аудан үшін өзекті мәселелерін жеткізді.

Жиында аймақ басшысы су көлемінің лимиті белгіленгенге дейін әр ауылдың қажеттілігін қайта қарап, шаруалармен бірге суды аз қажет ететін дақылдарға мән беру керектігін баса айтты. Сондай-ақ малға қажетті жем-шөп қорын алдын ала әзірлеп, ветеринарларға қыстан шыққан төрт түліктің жағдайына қарай дәрі-дәрмек егу жұмыстарын қарқынды жүргізуді тапсырды.

– Биыл «Көксарай» су реттегішіне су жиналмау қаупі бар. Бұл былтырғымен салыстырғанда су көлемі 2 млрд текше метрге кем болады деген сөз. Қолда бар мүмкіндікке қарай әрекет жасау үшін әр аудан бойынша жоспар дайындалып, тиісті мамандар жұмыс істейтін болады. Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе екен деп қарап отырмай каналдарды тазалап, насос қондырғыларын орнатып, егінді әртараптандырудағы тәжірибелеріңізді қосып, күш біріктіруіміз керек. Үкіметтің резерві мен бюджеттен қаражат бөлінеді. Тек уақыт ұттырмай тиімділігіне қарай жұмыс қарқынын ұлғайтуға тиіспіз, – деді облыс әкімі.  

Қармақшы ауданындағы ең шеткі қос ауыл – Қуаңдария мен  Т.Көмекбаев. Мұнда да егін мен мал шаруашылығын дамыту өзекті. Мысалы, бір кездері мал өсіруде Т.Көмекбаев ауылы алда болды. Қуаңдария арнасымен аттас елді мекен де мал өсіріп, бақша екті. Ал одан берірек Алдашбай ахун ауылы бар. Ілгеріде мұндағы жұрт қауын-қарбыз өсіруде аймақта алдыңғы қатарда болды дейді ел ақсақалдары. Шалғайда жатқан ауыл халқының басты тілегі – аяқсу мен инфрақұрылым мәселесі. Сондай-ақ Алдашбай ахун ауылына жаңа балабақша қажет.

Облыс әкімі шалғайдағы осы елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап қайтты. Су тапшылығының бүгінде өзекті болып тұрғанын, әр аудан бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ облыс бюджетінен Қармақшы ауданына 3 насос қондырғысын алуға қаржы қаралғанын, Үкімет резервінен тағы 17 насос қондырғысын алу жоспарда бар екенін жеткізді.

Мұнан кейін аймақ басшысы Қуаңдария ауылдық округіндегі 100 орындық клубтың құрылыс барысымен танысты. Мердігер мекеме «Ахат+ГС» ЖШС құрылысты былтыр бастаған, биыл қыркүйек айында аяқталмақ. Жергілікті тұрғындар арасынан 20 шақты жігіт жұмысқа тартылған. Облыс әкімі мердігерге ең біріншіден сапаға мән беріп, ғимаратты уақытылы аяқтауға күш салу қажеттігін ескертті.

***

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жалағаш ауданында ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған жиын өткізді.

Аймақ басшысы аудан шаруаларының тыныс-тіршілігі суға байланысты екенін айтып, вегетациялық кезеңде тіршілік көзін үнемді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

– Бүгін сіздермен кездесіп, ұсыныстарыңызды тыңдау үшін жиналып отырмыз. Биыл да судың тапшылығы айтарлықтай байқалады. «Көксарайға» су жиналмай қалу қаупі бар. Сондықтан қуаңшылықтың алдын алу шараларын кешенді жүргізу үшін сіздердің қолдауларыңыз қажет. Тығырықтан шығудың балама жолдары мен тиімді тетіктерін қарастыру үшін әрбір ауданда космотүсірілім жасалып, су деңгейі аз баратын жерлерге насос қондырғыларын орнатып, ұңғыма тарту, каналдарды тазалау жұмыстарын кестеге сәйкес орындау қажет. Биыл бюджет есебінен Жалағаш ауданына 6 насос қондырғысы алынады. Егіс кезінде тапшылықты ескере отырып, басқа да дақылдарды егудің амалын іздестіргеніміз дұрыс, – деді облыс әкімі.

Аудан әкімі Асылбек Шәменов егін шаруашылығын дамытуға байланысты бірнеше ұсынысын жеткізді. Минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтердің құнын арзандату үшін мемлекеттен төленетін субсидияның көлемін 50%-ке дейін көтеруге, көктемгі егінді сапалы және мерзімінде орналастыру үшін жеңілдетілген дизель отынын жеткізуші операторлардың шаруашылықтарға төмендетілген бағада беру мәселесін қозғады. Сондай-ақ, бірқатар шаруа қожалық иелері мал басын көбейту, өңірде тыңайтқыш өндірісін қолға алу, субсидия беру тәртібіне қатысты ұсыныстарын айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аудан басшысы мен салалық басқарма басшыларына су лимитінің мөлшеріне қарай кесте әзірлеу, егінге қажетті аяқсуды дұрыс пайдалану үшін арықтар мен каналдарды қазу, насос орнату жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, ұңғымаларды тарту бойынша жоба-сметалық құжат әзірлеу, тұрақты эпизоотиялық ахуал қалыптастыру үшін төрт түлікті вакциналау жұмыстарын кешенді жүргізу қажет.

Облыс әкімі Жалағаш ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Қаракеткен ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, пікірлесті. Ауыл ақсақалдары аяқсу, ескірген электр желісін ауыстыру мен жөндеуді қажет ететін ауылдық клуб жұмысына көңіл бөлуді сұрады.

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған аймақ басшысы ауылдық клубты жөндеу үшін қажетті құжаттамаларды рәсімдеп, қаржы қарауға ықпал жасайтынын жеткізді. Ал, аяқсу мәселесін реттеуге септігін тигізетін ұңғыма қазу жұмыстары шешілетінін қаперге салды.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<