Күш біріксе, күрес жеңілдейді

926

0

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажеттігін атап өтіп, жемқорлыққа қарсы кешенді тұжырымдама әзірлеуді тапсырған болатын. Президент бірінші кезекте қарапайым халықтың, кәсіпкерлердің мүдделері ескерілуі тиіс екенін айтты.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы жобасын аймақтың бизнес өкілдерімен бірге талқылап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Яғмұсов, департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалия Әлімқұлова және облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов, салалық басқарма басшылары мен өңірдегі бизнес өкілдері шақырылды. Ал қала және аудан әкімдері онлайн селекторлық байланыс арқылы қатысты.

Кездесуде аймақ басшысы сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін төмендетіп, елдің инвестициялық тартымдылығын жоятынын, келеңсіз құбылыспен күресте мемлекет пен қоғам күш-жігерін біріктіруі керектігін айтты.

– Бүгінгі күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету және оған қарсы саясатты одан әрі дамыту осы құжаттың аясында жүргізілетін болады. Тұжырымдама жобасын талқылау кезінде азаматтық қоғам мен кәсіпкерлік субъектілерінің пікірі маңызды. Сондықтан ұсыныстарыңызды тыңдау үшін жиналдық, – деді облыс әкімі.

Басқосуда Ғалия Әлімқұлова жобадағы басым бағыттарды анықтаудың маңызды екенін айтты. Тұжырымдаманы әзірлеуде шетелдік тәжірибе мен халықаралық стандарттар ескерілген. Әсіресе, тұрмыстық жемқорлықты жоюға, бюджеттік рәсімдер мен сатып алу тәртібінің ашық болуына, мемлекеттің экономикаға әсері мен әкімшілік кедергілерді азайту принциптері енгізілген. Тұжырымдамада нақты реформалар мен жобаларды қамтитын 6 міндет блогы бар. Бірінші блокта сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру айқын көрсетілген. Екінші блоктағы шаралар жемқорлық мүмкіндіктерін барынша азайтуға бағытталған. Үшінші блок жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге үндейді. Төртінші блок азаматтық қоғамды сыбайластыққа қарсы іс-қимылға одан әрі тарту жөніндегі шараларды қамтыса, бесінші блок сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мониторингіне арналған. Ал соңғы блок уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Кездесуге шақырылған бизнес өкілдері әзірленген тұжырымдама төңірегінде ойларын айтып, пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов жемқорлық тәуекелдері жиі кездесетін салаларды атап, кәсіпкерлер кездесетін қиындықтарды айтты.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы дәйекті ұсыныстарды саралап, агенттікке жолдауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<