Күтімі келіскен кесене

839

0

Биыл Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр кесенесінің салынғанына 30 жыл толады. Бұған дейін де жан-жағына тал-терек егіліп, жайқалған қасиетті орын маңына биыл жеміс ағаштары отырғызылды.

Кесене маңында көпшілікке арналған орындықтар бар. Сондай-ақ түнгі аспалы шамдар бұл жердің келбетін ашып тұр. Зияраттап келушілерге жағдай жасалғаны бірден көзге көрінеді.

Бұрын болмаған жеміс көшеттерін егуге Марат Жалпақбайұлы демеушілік жасаған. 100 түп түрлі жеміс ағаштарымен қоса, қылқан жапырақты ағаш көшеттері және көпжылдық гүлдер де егілді. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен бірге аудан тұрғындары сенбілік ұйымдастырып, көгалдандыру жұмыстарына қатысқан болатын.

Қазір көшеттердің біразы бүршік жарып тұр. Күтімі келіскен баба кесенесінде жемістер өнім беріп,  ағаштары жайқалар, түрлі гүлдің көз жауын алып құлпырар кезі де алыс емес.

Жағымды жаңалық мұнымен тоқтамайды. Қазалы ауданының Құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер Ибадулла Тілеп кесене аумағын суландыру үшін арнайы насос алып берді. Су тапшылығы білінетін ауданда мұндай керек дүниенің болғаны да маңызды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы