Күздің береке базары

634

0

Алтын күздің сәнін келтіріп, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Алтын дән» мерекесі биыл ерекше салтанатпен айшықталды. Озаттар марапатталып, ауыл шаруашылығы саласындағы үздік өңірлер де анықталды. Ал өткен сенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев іс-шара аясында барлық аудандардың қатысуымен ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесін аралап көрді.

Жәрмеңкеде Сыр диқандары, өнім өндірушілер мен кәсіпкерлер барлығы 538 жүк көлігіне тиелген 2 мың тоннаға жуық түрлі өнімді тұрғындарға базардағы нарықтан 15-20 пайыз төмен бағада ұсынды.

Сүйіншілейтін жаңалық, биыл Сыр диқандары күріштен мол өнім жинады. Су тапшылығы орын алса да Үкімет тарапынан дер кезінде көмек беріліп, бұл кедергіден қиындықсыз өтті. Биыл жалпы егін көлемі 188500 гектар алқапты құрап отыр. Ал басты дақыл – күріш 78 мың гектардан асты. Күріштің әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алынып, қамбаға 445 мың тонна Сыр салысы құйылды.

Аймақ басшысы қала және жеті аудан ұйымдастырған жәрмеңкеде азық-түлік бағаларын бағамдап, халықпен де пікірлесті. Таңсәріден жыл базарына асыққан жұрттың қарасы әдеттегідей қалың. Балық пен күрішке сұраныс бұрынғыдай жоғары. Қауын-қарбыздың күзде пісер сорты, күнделікті ас мәзіріне қажет картоп, жуа, сәбізді қаптап сатып алушылар көп. Сүт өнімдері мен ет бағасының да арзан екені байқалады.

Қала орталығындағы «Тағзым» алаңында орналасқан Қызылорда қаласының жәрмеңкесіне 300 тоннаға жуық өнім әкелініпті.

– Бүгінгі «Алтын дән» дәстүрлі мерекесі және Қала күні қарсаңында жылдағыдай жәрмеңке ұйымдастырып отырмыз. Қала маңындағы жеті ауыл және екі кент бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелдік. Қазір біздің диқандар еккен барлық дақылдарын жинап алды. Соны арзан бағада қала тұрғындарына ұсынып отыр, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбек.

Ал қармақшылық шаруалар 18 тоннадан астам күріш, 31 тоннаға жуық бақша өнімі, 14 тонна күріш қалдығы, 5 тоннадай ет пен балық өнімі, 1 тоннаға жуық сүт, макарон және кондитерлік өнімдер мен 1700 дана жоңышқа, т.б тауарлар әкелген.

– Халық сұранысын өтеу, тұрмысын жақсарту – ел азаматтарының басты міндеті. Міне, бүгінгі Қармақшы жерінің шаруалары әкелген жәрмеңкеге келіп, қалтаға қонымды бағаға риза болдық. Қала тұрғындары қажетті азық-түлігін көптеп сатып алуда. Күнделікті газет пен теледидар арқылы биылғы егін мен бақшаның мол өнім бергенінен хабардармыз. Лайым, Сыр елінің несібесі ортаймасын. Ел үшін тер төккен азаматтарға алғысым шексіз, – дейді қала тұрғыны Жақсыбай Жәкеев.

Титов қыстағындағы Ә.Қашаубаев және Жетікөл көшелерінің қиылысында Жалағаш ауданының жәрмеңкесі өтті. 85 жүк көлігіне тиелген 250 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері келген. Мұнда ең өтімді тауарлар – күріш, картоп және бақша өнімдері болды.

Жәрмеңкеде қалаға іргелес Сырдария ауданынан жеңілдетілген бағамен 87 көлікке тиелген азық-түлік тауарлары келді. Мұнда тұрғындар қауын-қарбыз, жеміс-жидек, күріш, сүт пен балық өнімдерін алып, сауданы қыздырды.

Арал ауданының жәрмеңкесі де халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, халық теңіз балығы үшін кезек тосты. Айдынды өлкенің шаруалары 60 жүк көлігімен 170 тоннаға жуық өнім әкеліпті.

– Аралдың басты бренді саналатын балықтан 16 тонна әкелдік. Арнайы автокөлікпен «Қамыстыбас» балық питомнигінен тірі балық та әкелінді. Сондай-ақ 4 тонна ет пен дәл сондай көлемде ас тұзы да келді. Сүт өнімдері де жетерлік. 60 шақты уақ мал да сатылымға шығарылды. Жыл басынан бері, яғни 9 айдың қорытындысымен 6 млрд 102 млн теңгенің өнімі өндірілді. Арал ауданының жәрмеңкесі облыс орталығында ғана емес, өз ауданымызда да жиі өткізіледі, – дейді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішов.

Диқандардың тойына Қазалы ауданы да қомақты үлес қосты. Жәрмеңкеге 12 тонна күріш, 34 тоннадан астам көкөніс, картоп және бақша өнімдері, 3 жарым тонна сүт, 10 тонна ет пен балық өнімі әкелінді. Сонымен қатар, «Қазалы» брендімен танымал кәмпиттен 500 келі сатылымға шықты.

Астана даңғылының бойында жәрмеңке жасаған Жаңақорған ауданының шаруалары да күздің сыйын молынан ұсынды. 82 көлікке тиелген азық-түліктің ішінде 15 тоннадан астам күріш, 45 тонна картоп, 100 тоннаға жуық көкөніс пен бақша дақылдары және 15 бас тоқтыны саудаға шығарды.

– Биыл Жаңақорған ауданы бойынша 37880 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 21 мың гектар малазықтық, 11 мың гектары дәнді дақылдар. Дәнді дақылдар ішінде 6 мың гектардан астам күріш ектік. Оның әр гектарынан 56 центнерден келіп, қамбаға 32 мың тонна күріш құйылды. Сонымен қатар, 2050 гектар майлы, 3050 гектар бақша дақылдары егіліп, оның жемісін облыстық жәрмеңкеге әкелдік, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев.

Тасбөгет кентінің орталық алаңында шиелілік шаруалар табиғи таза өнімдерін ұсынып, жәрмеңке көркін қыздырды. Қала тұрғындары үшін Шиеліден 72 көлікке тиелген 260 тоннадай өнім келген.

Биыл аймақ басшысының тапсырмасымен егін егуге ынталы ауыл халқына әр ауданда жер дайындалған еді. Соның арқасында 6802 отбасы 1833 гектар жерге бақша егіп, көкөніс өсірді.

Айта кету керек, облыс әкімінің тапсырмасымен облыс орталығындағы жәрмеңке желтоқсан айына дейін әр аптада өткізілетін болады.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<