Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова күзгі егін жинау жұмыстарына дайындық мәселесі бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетовты қабылдады.
Кездесу барысында басқарма басшысы биыл облыс бойынша егілген егіс көлемі мен оның шығымдылығын әртараптандыру бағытында атқарылған жұмыстар, ерте егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау бойынша жұмыстарға тоқталып, егін жинауға қатысатын техникалар дайындығы мен жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуі туралы айтып өтті.
Егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында өңірде алғаш рет перспективалы дақылдар – қант құмайы 70 гектарға, соя 240 гектарға, жүгері 1667 гектарға дейін жеткізіліп, ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы богарлы жерлерге 80 гектар күздік бидай егілген. Сонымен бірге, 60 гектар жерге азық-түлік маңызы бар жеміс-жидектер мен жүзімдіктер орналасқан.
Егін шаруашылығын қолдауға биыл барлығы 4,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Ал, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 2,3 млрд теңге субсидия төленіп отыр.
Облыс әкімі егін жинау жұмыстарына қатысатын техникалардың толыққанды болуын және күрішке алғашқы орақ салуды тамыз айының 25-нен бастауды әрі науқанды 15 қазанға дейін толық аяқтауды тапсырды.
Алдын ала болжам бойынша биыл егілген күріштің әр гектарынан 50-55 центнерден өнім алу жоспарланып отыр.
«СБ» ақпарат





