Lesson Study – сабақты жоспарлаудың тиімді тәсілі

1148

0

Lesson Study – мұғалім тәжірибесі саласындағы білімді жетілдіруге бағытталған педагогикалық тәсіл, сабақтағы іс-әрекеттегі зерттеудің ерекше үлгісі болып табылады. Бұл тәсіл бастауыш және орта мектептерде негізгі пәндер бойынша оқушылардың білім деңгейін көтеру және оқыту әдістемесін жетілдіру, сонымен қатар оқыту үшін бағалау сияқты тәжірибелік әдістерді әзірлеу мақсатында табысты қолданылады. Тәжірибелі мұғалімдермен қатар, еңбек жолын жаңа бастаған мамандардың кәсіби жетілуіне көмектеседі.

Қызылорда қаласындағы №261 орта мектепте өткізілген «Lesson Study – сабақты зерттеудің тиімді әдісі» тақырыбындағы оқу-тәжірибелік семинарға бастауыш сынып, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінен сабақ беретін 40-қа жуық мұғалім қатысты.

Шығармашылық басқосу барысында ұстаздар қауымы Lesson Study тәсілінің негізгі ерекшеліктерімен танысып, тиімді тұстарын анықтай алды. Сабақты жоспарлауда команда құру, проблемаларды анықтау және оларға сәйкесінше мақсаттар таңдау, оқу және оқыту үдерісінде бақылау жүргізу жұмыстары кеңінен талқыланды. Семинардың тәжірибелік бөлімінде мұғалімдерге қосымша ресурстық материалдар ұсынылып, қатысушылар аталған мәселелер төңірегінде ой тоғыстырды, идеяларымен алмасты.

Семинар аясында филиал тренері Ұлбала Хамитқызы қатысушыларға нақты пәндік және ситуациялық тапсырмалар ұсынды. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Н.В. Гогольдің «Шинель» шығармасы бойынша 10-сынып оқушыларымен ашық сабақ өткізді. Сабақ барысында қатысушылар оқушылардың өзара диалогтік тәсілмен белсенді оқу әрекеттерін бақылауға мүмкіндік алды.

Сабақты ұйымдастыру, оқу үдерісін басқару, формативті бағалау жүргізуде оқушылардың қатысымдылығын белсендіру мәселелерін тренер ұсынған бақылау парақтары, оқушыларға арналған сауалнамалармен ұштастыра отырып, сабақ және оқу мақсаттарына жетуде қолданылған ресурстардың, оқыту және бағалау тәсілдерінің тиімділігін бағалауда белсенділік танытты.

Өрлеудің филиалдарында мұғалімдердің кәсіби дамуына бағытталған мазмұнды шаралар алдағы уақытта жалғасын таба бермек.

Ұлбала Есмағанбетова,

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша

филиалының тренері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<