Сейсенбі күні ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамаларын іске асыру аясында қарастырылған қосымша бюджет қаражаты қандай мақсаттарға бағытталатынын айтып берді.
Ә.Смайыловтың айтуынша, нақтыланған бюджет бойынша қаржыландыру сәуір айында басталады.
– Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік бастамалар бойынша берген барлық тапсырмаларына, сондай-ақ, бұрынғы Жолдауларындағы міндеттерге сәйкес 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын мақұлдадық. Тиісті қаржыландыруды біз бюджет жобасында қарастырамыз, ол Парламент Мәжілісінің қарауына енгізіледі, біз депутаттармен бірлесіп бұл жұмысты 4 сәуірде аяқтауды көздеп отырмыз, — деді Ә.Смайылов.
Баспасөз конференциясында Әлихан Смайылов тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қосымша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлер үшін жыл сайын 50 млрд теңгеден бөлу жоспарланып отырғанын хабарлады. Қазіргі таңда бұл кезекте тұрғын үйге мұқтаж 28,1 мың көпбалалы отбасы тұр.
– Соңғы жылдары бюджеттің басым бөлігі осы әлеуметтік салаға бағытталуда. Биыл қабылданған бюджеттің 4,8 трлн теңгесі (45 проценті) әлеуметтік салаға бөлінген, оның ішінде әлеуметтік қамту мен әлеуметтік көмек көрсетуге 3 трлн, денсаулық сақтауға – 1 трлн 117 млрд, білім беруге – 583 млрд, мәдениет пен спортқа – 78 млрд қаралып отыр, — деді Ә. Смайылов.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Әлеуметтік қамқорлық» шарасы аясында қосымша қаржының қандай мақсаттарға жұмсалатынын да саралап өтті. Осы жылға қаралып отырған 444,3 млрд теңгенің 224 млрд-ын азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсетуді күшейтуге бағыттау жоспарлануда. Аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 50 млрд теңге қаралып отыр. ТҚЖБ арқылы жеңілдікпен несиелендіруге 50 млрд, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға 90 млрд, «Ауыл – ел бесiгi» арнайы жобасын іске асыруға 30 млрд теңге жұмсалады.
– Әлеуметтік қолдауға бағытталған 224 млрд теңгеге келсек, 2019 жылы тек атаулы әлеуметтік көмек үшін 49,6 млрд, 2020 жылы 115 млрд, 2021 жылы 108 млрд теңге жұмсалады. Мүгедектігі бойынша жәрдемақыны арттыруға биыл 5 млрд, 2020 жылы 13,8 млрд, 2021 жылы 14, 9 млрд теңге бағытталады. Бюджет саласындағы төмен жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеруге биыл 169,7 млрд, 2020 жылы 397 млрд, 2021 жылы 410 млрд теңге бөлу көзделген,–деді Ә. Смайылов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<