Лейтенант

583

0

Лейтенант Нәзік жанды қыздардың арасында ерлермен тең түсіп, олар таңдаған мамандық тізгінін еркін әрі бекем ұстай білген әскери саладағы арудың бірі – Мырзалиева Нұргүл Дүйсенбекқызы. Ол облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте қаржы қызметінің бастығы болып жұмыс жасайды.

Лейтенант шенді Нұргүл Арал қаласындағы Қарақұм ауылында дүниеге келген. Мектептен соң Батыс Қазақстан облысы гуманитарлық академиясының қаржы мамандығы бойынша білім алып, 2001 жылы Орал қаласы әскери комиссариатының қаржы бөліміне қызметке қабылданады. Талапшыл, мақсатшыл Нұргүл Батыс Қазақстан облыстық әскери комиссариатында қаржы қызметі бастығының орынбасары қызметіне дейін көтеріледі.

  Уақыт өте келе туған жерге деген сағынышы арта түскен Нұргүл 2015 жылы Сыр еліне қайтуды жөн санайды. Бұл аймақта облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде қаржы қызметінің бастығы лауазымына тағайындалады. Бүгінгі таңда Нұргүл Дүйсенбекқызы   қаржы саласындағы әскери қызметші ретінде қызмет  атқаруда. Оның бұл салада жеткен жетістігі, жинаған тәжірибесі де аз емес. 2016-2017 жылдың қорытындысы бойынша елдегі жергілікті басқару органдары арасында алдыңғы деңгейде көрініп, арнайы ҚР Қорғаныс министрі, генерал-полковник С.Жасұзақовтың алғыс хатымен марапатталды.

Әскери қызметтегі темірдей тәртіп ер мен әйелге бірдей. «Қойылатын талап пен сұраныс өте жоғары. Басшы ретінде ұжымдастарыма кейде қатал да, мейрімді де болуға тура келеді. Қаталдық – іске деген жауапкершілік пен жеделдіктің белгісі, мейірімділік пен татулық – қызметкерлердің жан дүниесін түсіну», – дейді лейтенант  Н.Мырзалиева.

 

Жансая ҚЫДЫРБАЙ,

Қорқыт ата атындағы

ҚМУ-дың 4-курс студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<