Ұлт тарихы ұрпақ санасында

349

0

«Өткенсіз келешек жоқ» – дейді халық даналығы. Кез келген жаңалық өткеннің өзегінде дамып, келешек ұрпақ арқылы жалғасын табары заңдылық.  Ендеше, тәуелсіздік алған жыл­дардағы төл тарихымызды терең­нен тартып түгендеу, тарихи ақтаңдақтарды ақтап алу, олардың есімдерін жаңғырту халқымыздың тарихи сана-сезіміне ерекше серпіліс береді. «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлттық тарихымызды жинақтап, өткенімізді сараптауға мүм­кіндік жасағаны белгілі. Ал, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты сараптамалық мақаласы ұлт рухын көтеріп, еліміздің тарихи мәдениетінің деңгейін бүкіл әлемге паш етеді. Алғашқы бөлімінде Ұлы дала төсінде пайда болған еліміздің материалдық мәдениеті, сондай-ақ, көшпенділер өркениетінің бір ошағы болғандығымыз, ата-бабамыздың ешбір ха­лық­қа ұқсамайтын өркениет қа­лып­тастырғаны туралы сөз қозғалса, келесі бөлімде Елбасы елді алдағы уақытта нақты да ауқымды идеяларды жүзеге асыруға шақырады. Мақаланың аты айтып тұрғандай Ұлы даланың жеті қырын айқындап, алдағы уақытқа бағыт-бағдар береді. Еліміздің ежелгі, ерте ортағасырлық кезеңіне ерекше тоқталып, табиғи байлығына ерекше мән бере отырып, төл тарихымызды бағалап, бағамдап жаңғыртуға, құрметпен қарауға, зерделеуге арналған 6 түрлі міндетті жүктейді.
Өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласы жарық көрген күннен бастап Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі бастама аясында жұмыс жасауда. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына орай Қазақстанның жалпыұлттық ма­ңызы бар қасиетті орындары тізіміне облыс бойынша 12 тарихи орын, өңірлік қасиетті орындар тізіміне 35 нысан енгізіліп, аталған нысандарды қамтитын «Қасиетті Қазақстан және Археология» залы қайта жаңғырды, сондай-ақ, музей мамандары мен өлкетанушыларының облыстық I форумы ұйымдастырылды. Жаһандық әлемге Қазақстанның барлық мәдени игіліктерін ауқым­ды ұсыну үшін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасының ­жобасы шең­берінде музей қорын электронды форматқа көшіру жұ­мыс­тары қолға алынып, бүгінгі күні Ұлттық музей қорының  электронды каталогына облыс музейлері бойынша құнды экспонаттар енгізіліп отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық ма­қа­ласы аясында білім беру ме­ке­мелерінің ынталы жастарын ғылымға баулу мақсатында «Жас өлкетанушылар» үйірмесі құрылып жұмыс жасауда. Орта­ғасырлық шаһарлар мен киелі Түркістан, ежелгі Отырар қалаларына экскурсиялық сая­хаттар, «Қасиетті Қазақстан» атты телеэкспедиция­лар ұйым­дастырылып келеді. Музей қорындағы ежелгі заманнан бергі ортағасырлық көне жә­дігерлер мен осы күнге дейінгі тарихи-мәдени жазба мұралардың тарихын насихаттау мақсатында «Бір жәдігер» жобасы аясында жұмыстар жасалуда.
Қазақта: «Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады» – деген жақсы сөз бар. Сондықтан Елбасы көрсетіп отырған биік мақсаттарға жету үшін жаңа бағытта жұмыстар жүргі­зілетін болады.

Бақыткүл БЕКМАМБЕТ,
облыстық
тарихи-өлкетану
музейінің директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<