Облыс орталығындағы “Достық үйінде” корей халқының батыры Хон Бом Доның туғанына 150 жыл толуына арналған тарихи-танымдық конференция болып өтті. Шараға Корея Республикасынан келген делегация жетекшісі Хон Сон Док, “Хон Бом До” ассоциациясының жетекшісі Хван Вон Соп, облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің, ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Конференцияны ашқан облыстық ҚХА хатшысы Ләйлә Төрешова батырдың өмірдерегі мен сан ұлтқа сая болған Сыр елінің алмағайып уақыттағы тарихын сөз етті.
– Сыр өлкесі – сонау заманнан бері сан ұлттың басын қосқан киелі мекен. Жатсынуды білмейтін, өзгелерді өзіндей көріп, қиыншылық кезеңде бауырына басқан сырбойылықтардың осындай адами қасиеттерінің арқасында сан ұлттың сәні жарасып, тату-тәтті өмір сүруде. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, елімізге 1937-1938 жылдары бірнеше ұлттың өкілдері жер аударылды. Саяси қуғынның алғашқы құрбандарының бірі Қиыр Шығысты мекендеген корейлер болатын. Олардың арасында қоғам қайраткерлері, ағартушылар, басқа да көрнекті тұлғалар болды. Солардың бірі, азамат соғысының ардагері Хон Бом Доның туғанына биыл 150 жыл толып отыр, – деді.
Жиын барысында Корея Республикасынан келген делегация жетекшісі Хон Сон Док пен “Хон Бом До” ассоциациясының жетекшісі Хван Вон Соп батырдың ерлігін, қарапайым отбасынан шыққандығын тілге тиек етіп, корей халқы үшін аңыз адам екендігін жеткізді. Ал Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Айтжан Оразбақов күштеп қоныс аудару кезіндегі корей ұлтының елге келу тарихын, халықтың еңбекқорлығын баса айтып өтті.
Айта кетсек, жауынгер-интернационалист Хон Бом До 1892 жылы «Тон хактор» (феодалдарға қарсы соғыс) көтерілісінің белсенді жетекшісі болған, 1907 жылы «Ыйбен» (дұрыс жолдағы жауынгер) атты партизан отрядын басқарған. 1919 жылы өз отрядымен Солтүстік Шығыс Қытайға кетіп, ол жерде жапондардың Капсан және хесан жазалаушы әскерлеріне шабуыл жасап, оларды Понодон ауданынан ығыстырып шығарды. 1921 жылы Ресейдің Қиыр Шығысына өткен.
Шара соңы корей халқының мәдениетін паш еткен мерекелік концертке ұласты.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<