Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Тіл – өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байла¬ныс-тыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады», – деген болатын. «Бұл – өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек», –деп ой қорытуы тіл мамандарына жауапкершілік міндетін жүктейтінін аңғарамыз.
Сонымен бірге, Президент бүгінде Қазақстан халқы замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отырғанын айтты. «Көрші мемлекеттердің көп¬шілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 проценті латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Бұл – қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Нақты белгіленген кесте бар. Сол жүйеден ауытқымаймыз. Бірақ қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану бары¬сын¬дағы артықшылықтар мен олқы¬лықтар ескеріледі», – деп түйіндеді.
Бізді, қуантатыны, Мемлекет басшысының осы құжатта: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» дегені. Президентіміз қойған осы міндетті орындау біздің де азаматтық борышымыз деп ойлаймын.
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ – 10 жылдан бері Сыр өңірінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға өзіндік үлес қосып, облыс аумағындағы мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тегін оқып, тілді еркін меңгеруіне және «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындар санының артуына ықпал жасап келе жатқан мекеме.
Латын негізді жаңа қазақ әліпбиіне көшу түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың жаңғыруына жол ашады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ әліпбиін кирилицадан латын графикасына көшіруге тапсырма беріліп, 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына сәйкес бекітілген жаңа әліпиге 2018 жылдың 19 ақпанында № 637 жарлығымен өзгерістер енгізілді. Жаңа қазақ әліпбиі апострофтан акуттық таңбалауға өзгертілді және қазіргі уақыта сол нұсқаны пайдаланудамыз. Басты мақсат – ұлттық кодты сақтай отырып, жаңа кезеңге аяқ басу.
«Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға уақыт жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек» деген Президент тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.
2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» атты латыннегізді қазақ жазуын меңгертетін 72 сағаттық тренерлерді даярлау курсы ұйымдастырылып, біздің өңірден 14 тренер толықтай оқып аяқтады.
11-12 сәуір күндері қаламызда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбындағы 12 сағаттық семинарда облысымыздың 63 қазақ тілі мен әдебиеті мамандары қатысып, сертификат алды.
Өткен жылдың сәуір айында орталық мамандары дайындаған «Жаңа қазақ әліпбиінде жазуға дағды қалыптастыруға арналған жұмыс дәптері» және «Жаңа емле жазу сауаттылығын арттыру құралының» авторлық құқығы алынып, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына сараптамаға жіберілді.
Қаңтар-қыркүйек айлары бойынша «Латын қарпіндегі қазақ әліпбиін енгізу жұмыстарының жоспары» негізінде Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы жетпістен аса шара өткізіп, «Мемлекеттік тілді деңгейлік оқыту» курсы аясында «1 сағат 1 әріп» жобасы бойынша қала және аудандағы мамандарымыз 961 адамды оқу курсынан өткізді.
2019 жылдың 19-29 тамызы аралығында жаңа қазақ әліпбиіне негізделіп жасалған пернетақталарды сынамадан өткізу мақсатында Қызылорда облысы бойынша 500 адам қатысты.
«Qyzylorda» телеарнасының ұжымы 40 сағаттық «Жаңа қазақ әліпбиі және емлесі» курсын оқыды және орталықпен бірлесіп «Жаңа күн» бағдарламасының «Бірге үйренейік» айдарында орталық оқытушысы Махамбет Айданамен жаңа қазақ әліпбиін телеарна көрермендеріне үйрету жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, облыстық «Сыр бойы», «Ақмешіт жастары» газеттерінде «Жаңа қазақ әліпбиінде жазуға дағды қалыптастыруға арналған жұмыс дәптері» бойынша «Латын қарпін үйренеміз» айдарында сабақтарымыз жарияланып, өңір тұрғындары жаңа қазақ әліпбиін үйренуге деген өз белсенділіктерін көрсетуде.
Қалалық білім бөліміне қарасты мемлекеттік балабақшалардан мектепалды даярлық топтарының тәрбиешілеріне 40 сағаттық «Жаңа қазақ әліпбиі және емлесі» курсы ұйымдастырылып 26 тәрбиеші сертификат алды.
24 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында жаңа қазақ әліпбиін ақпараттық-насихаттау форумы өткізілді. Форумда «Ғылым және тіл», «Кәсіпкерлік және тіл», «БАҚ және тіл» секілді бірнеше бағыттары бойынша өңірімізде жүргізіліп жатырған жұмыстар көрмеге қойылды. Бұл жұмыстар ары қарай да өз жалғасын табатын болады.
Орталықтың өткен жылғы атқарылған жұмыстарын саралауы негізінде 2020 жылға арналған жұмыс жоспары жасалды. Соған сәйкес, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік бөлімдердің ашылуы Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының келісімі негізінде қолдау тапты. Орталық бөлімдері үш тілде оқыту курстарын жүргізумен қатар, оқу-әдістемелік құралдарын дайындауда. Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары аясында орталық мамандары арнайы бағдарлама әзірлеп, семинар-тренингтер жүргізуді жоспарлап отыр.
ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсанындағы №1045 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жарияланғандығы белгілі. Бағдарлама аясында латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға бағытталған міндеттер бекітілген. Іс-шаралар жоспарындағы тілдерді оқыту орталықтары атқару керек тапсырмаларға сәйкес жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Нұрсәуле Мусаева,
Облыстық ішкі саясат басқармасының
Облыстық ішкі саясат басқармасының
«Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<